Accessibility links

Гуайдоны Венесуэла басшысы деп таныған елдер көбейді


Николас Мадуро (сол жақта) және Хуан Гуайдо.
Николас Мадуро (сол жақта) және Хуан Гуайдо.

Еуропа одағындағы 12 ел Венесуэла парламентінің спикері Хуан Гуайдоны мемлекеттің уақытша басшысы деп таныды. Одақ құрамындағы Испания, Германия, Ұлыбритания, Франция, Австрия, Швеция, Нидерланд, Финляндия, Дания, Португалия, Латвия және Литва Гуайдоға қолдау білдірген. Олар Гуайдоны Венесуэлада кезектен тыс сайлау өткізуге кепіл болатын және демократия қалпына келгенге дейін елді басқаратын уақытша президенті деп танитынын ресми түрде мәлімдеген.

Еуропа одағы атынан дайындалған мәлімдеме жобасында Гуайдоны уақытша президент деп тану немесе мойындамау туралы шешімді Еуроодақ құрамындағы әр ел дербес қабылдайтыны жазылған. Әзірге Италия ғана Гуайдоға қарсы екенін білдірген.

Бұған дейін Еуропа одағы Венесуэла президенті Николас Мадуроға елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуге берген 8 күн мерзім біткен болатын. Мадуро кезектен тыс президент сайлауын өткізуге қарсы екенін айтып, оның орнына мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуді ұсынған.

Венесуэла парламентінің спикері 35 жастағы Хуан Гуайдо Николас Мадуро жеңіске жеткен 2018 жылдың мамырындағы президент сайлауын "заңсыз" деп атап, "конституция бойынша президент болуға құқығым бар" деп санайды. Ол 23 қаңтарда өткен наразылық шарасында өзін-өзі "елдің уақытша президентімін" деп жариялаған.

Оқи отырыңыз: Венесуэлада "уақытша президент" пайда болды

Өткен аптада АҚШ пен Латын Америкасының бірқатар елдері Хуан Гуайдоға қолдау білдірген.

Саяси дағдарыста тұрған Венесуэлада Николас Мадуро күштік құрылымдарға сүйенеді. Ресей, Куба, Түркия мен Қытай Мадуроны Венесуэланың заңды президенті деп санайды. Мадуро дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде тұрғындарды АҚШ-тың Венесуэлаға жөнелткелі отырған гуманитарлық көмегінен бас тартуға шақырған. Ол АҚШ-ты Венесуэлаға әскер енгізуге дайындалып жатыр деп айыптаған. Мадуро Рим папасына оппозициямен келіссөз өткізуге арағайын болуын сұрап хат жолдағанын айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG