Accessibility links

Қарағанды соты пикетке тыйым салған әкімнің ісін құптады


Қарағандылық азаматтық белсенді Әлия Садырбаева.

Қарағанды соты жергілікті азаматтық белсенді, көпбалалы ана Әлия Садырбаеваның үкіметке қарсы жалғыз адамдық пикет өткізуіне тыйым салған биліктің үстінен берген шағымын қанағаттандырмады. Сот Садырбаеваның пикет өткізуге рұқсат сұраған өтінішін орындаудан бас тартқан, ал кейін пикетке тыйым салған Қарағанды қаласы әкімі мен әкімдігінің ісін заңға сай деп таныды.

Садырбаева Қарағанды облысы әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикетке шықпақшы болған. Белсенді наразылық акциясына шығуына тыйым салған биліктің шешімі өзінің бейбіт жиын өткізу және ой-пікірін білдіру құқығын бұзды деп санайды. Әлия Садырбаева мен оның өкілі сот шешімімен келіспейді.

- Біз мынадай негізгі үш дәлел келтірдік: жалғыз адамдық пикет өткізуге биліктің арнайы рұқсаты қажет емес, ол туралы билікті хабардар етсе жеткілікті, Әлия солай істеген де; азамат елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы ой-пікірін білдіруге құқылы; билік оны шақырып, мәселенің мән-жайын айтып, мысалы, басқа орын бөлуге міндетті, - деді Азаттыққа талапкердің өкілі, заңгер Ерлан Қалиев.

Азаматтық іс бойынша өткен сотқа жауапкер ретінде қатысқан Қарағанды қаласының әкімі мен әкімдігі өкілі әлеуметтік желіде жұрт Садырбаеваның акция өткізетін жері мен уақытын сұрай бастағандықтан пикет қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін деген уәжді алға тартты. Сондықтан Садырбаеваның өтініші қанағаттандырылмады деп түсіндірді әкімдік заңгері Руслан Қансейітов.

Сот барысында әкімдік өкілі судьядан белсендінің талап арызын қанағаттандырмауды сұрады.

Бұған дейін талапкер арызына жазған пікірінде жауапкер тарап Қарағандыда "үкіметті отставкаға жіберу туралы шешім қабылдайтын мемлекеттік органдар немесе лауазымды тұлғалар жоқ болғандықтан" Қазақстан үкіметі қызметінен кетсін деген белсендінің талабы "жөнсіз" деген уәж білдірген.

Әлия Садырбаева өткен күзде әкімдіктің үстінен Қарағандыдағы аудандық сотқа жүгінген. Бірақ алғашқы сот инстанциясы белсендінің арызын қараудан бас тартқан. Арыз иесінің апелляциялық шағымымен танысқаннан кейін облыстық сот Қарағандыдағы аудандық сотқа азаматтық істі жаңадан қайта қарауға қайтарған. Бұл істі де Садырбаеваның талап арызын қараудан осыған дейін бас тартқан судья Марат Мақажанов жүргізді.


  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG