Accessibility links

Министр: Көпбалалы отбасыларына қосымша пәтер салуға қаржы іздестіреміз


Көктал-1 шағын ауданындағы үйлердің бірі. Астана, 5 ақпан 2019 жыл.
Көктал-1 шағын ауданындағы үйлердің бірі. Астана, 5 ақпан 2019 жыл.

Қазақстан үкіметі үйі жоқ көпбалалы отбасыларына пәтер салуға қаржы іздестіріп жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз жиынында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. Оның сөзінше, Астанада кәмелет жасына жетпеген бес баласы өрттен опат болған шаңырақ тәрізді баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларының проблемасын шешу жолы – пәтерді жалға беру (аренда).

"Биыл ондай пәтер салуға қаржыны көбейтпекпіз, осыған дейін 25 миллиард теңге бөлінген болса, енді бұл мақсатқа әкімдіктерге 35 миллиард теңге береміз. Соның есебінен төрт мың арендалық пәтер салынады" деді министр.

Ол қазір көпбалалы отбасыларына жалға берілетін пәтер құрылысына қосымша қаржы іздестіріліп жатқанын хабарлады.

"Егер жыл сайын 700 пәтер салынып келсе, қазір оның санын екі-үш есе көбейту керек. Біз министрлік атынан осындай ұсыныс енгіземіз" деді Жеңіс Қасымбек.

Министр елде 28 мың отбасы арендалық пәтер кезегінде тұрғанын айтты.

"Мұндай екі бөлмелі пәтердің орташа жалдау құны 8-10 мың теңге тұрады. Бұл әлеуметтік жағдайы төмендерге өте қолайлы баға" деді Қасымбек.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған. Қаза болған балалар 5 ақпанда жерленді. Жергілікті биліктің дерегінше, өрт балалардың ата-анасы жұмыста болған кезде болған. Отбасы көпбалалы ретінде тіркеуде тұрған.

Сәрсенбі күні таңертең Астананың орталығына биліктен әлеуметтік проблемаларын шешуді талап еткен жүзден астам адам (негізінен көпбалалы аналар) жиналған еді. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған үндеуінде көпбалалы отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуді, балаға мемлекеттен төленетін жәрдемақыны көбейтуді, тұрмыс жағдайларын жақсартуды талап етті.

Оқи отырыңыз: Наразы аналар билікке талаптарын жеткізді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG