Accessibility links

Жалақысын даулағандар Ақтөбе облысы әкіміне талаппен барды


Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратынан шығып келе жатқан адамдар. 7 ақпан 2019 жыл.
Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратынан шығып келе жатқан адамдар. 7 ақпан 2019 жыл.

Ақтөбе облысының Бершүгір ауылында қиыршық тас өндірген "Жаңатас-Ақтөбе" серіктестігінің жұмысшылары өткен жылдың маусым айынан бері жалақы алмағандарын айтады. Олар бұл мәселені шешуді сұрап 7 ақпанда Ақтөбе облысы әкімдігіне барды.

Наразылар билікке 200-ге жуық адамның атынан арыз-шағым айтып келгендерін мәлімдеді. Жұмысшылардың айтуынша, 2018 жылы қараша айында жұмысын тоқтатқан "Жаңатас-Ақтөбе" серіктестігі оларға 46,5 миллион теңге берешек.

- Жұмысшылардың көбі Бершүгір елді мекенінде тұрады. Қалаға келуге қаражаты жоқ. Маған кәсіпорын 465 мың теңге қарыз, - дейді Мұрат Минайдаров.

Жұмысшылар бұған дейін сотқа да шағымданған. Қазір жұмыс берушіден жалақы қарызын өндірумен жеке сот орындаушылары айналысып жатыр. Бірақ мәселелері шешілмей, сиырқұйымшақтанып кеткендіктен олар облыстық әкімдікке келуге мәжбүр болғандарын айтады.

Жалақысын даулап келген адамдармен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов кездесті. Оның айтуынша, жауапты органдар кәсіпорынды 8 мәрте тексеріп, жалпы сомасы 721 мың теңге айыппұл салған. Әзірше одан еш нәтиже шықпапты. Сондықтан облыс әкімдігі қиыршық тас өндіруші кәсіпорынмен арадағы келісім-шартты тоқтатып, жаңа инвесторлар іздемек.

Ақтөбе облыстық әкімдігі бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылғанын, жалақы дауының жуық арада шешілетінін хабарлады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG