Accessibility links

Ақсайда KKS-SICIM жұмысшылары еңбек жағдайына наразылық білдірді


KKS-SICIM компаниясының жүздеген жұмысшысы наразылыққа шыққан сәт. Әлеуметтік желіде тараған видеодан скриншот.

7 ақпанда таңертең Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы KKS-SICIM компаниясының жүздеген жұмысшысы наразылық білдірді. Олар өздерінің айлығы мен жұмыс жағдайына көңілдері толмайтынын айтқан.

- Біз вахталық әдіспен жұмыс істейміз. 28 күн жұмыстамыз, 14 күн демаламыз. Жаңақала ауданынан осы Ақсайға 400 шақырым жерден келіп жұмыс істеймін. Бетон құямын, айлығым - 160 мың теңге. Табысым отбасыма мүлдем жетпейді, - дейді есімін атағысы келмеген жұмысшылардың бірі.

Компанияның атқарушы директоры Алтын Кулбаева Азаттыққа наразылықтың болғанын растады. Оның сөзінше, үш сағатқа созылған наразылықтан кейін екі жақ ортақ мәмлеге келген.

- Наразылық білдірген жұмысшылар айлығы мен жұмысына қатысты бұған дейін арызданған жоқ еді. Неліктен бұлай аяқастынан шыққанын білмеймін. Жиналғандар 160-250 мың теңге айлық алады. Әр жұмысшымен жеке сөйлесіп, айлығын көтеретін болып келістік. Жалақы қанша пайызға өсетінін айта алмаймын, коммерциялық құпия, - деді компания өкілі.

Азаттық тілшісімен сөйлескен жұмысшының сөзінше, жұмыс беруші айлықты 50 пайызға дейін көтеруге уәде берген. Қазір компанияның барлық жұмысшысы жұмысқа шықты деп хабарланды.

KKS-SICIM - мұнай және газ саласында қызмет көрсететін компания.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG