Accessibility links

Сирияда ИМ тобына қарсы "ақырғы шайқас" жүріп жатыр


Сирия демократиялық күштері Евфрат өзенінде. (2017 жылы түсірілген сурет.)

АҚШ қолдайтын Сирия демократиялық күштері (СДК) Сирияда "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық тобының соңғы тірегіне шабуылды жалғастырып жатыр. СДК қарулы топтары шабуылды 9 ақпанда бастаған.

Сириялық оппозициялық күштер коалициясының өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында шабуылды Сирия территориясындағы ИМ тобына қарсы "ақырғы шайқас" деп атаған.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция әуе күштері СДК құрамында жетекші роль атқаратын күрд жасақтарына жәрдемдесіп жатыр.

Бұдан екі жыл бұрын Сирияның оңтүстік-шығыс аймағын түгелдей басып алған ИМ тобы қазір елдің оңтүстік-шығысындағы Иракпен шекаралас аймақта Евфрат өзені бойындағы аз ғана жерді ұстап отыр. Соңғы бірнеше күнде ол жерден 20 мыңға жуық бейбіт тұрғын кетіп қалған. ИМ тобынан азат етілген территорияның бір бөлігін Сирияның үкімет күштері бағындырса, енді бір бөлігін СДК бақылауына алған.

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядағы ИМ басып алған территория толық азат етілгені туралы жақында ресми түрде жарияланады деп мәлімдеген. Бұған дейін Сириядан АҚШ әскерін шығаруды бұйырған Трампты конгресс мүшелері сынаған. Сенат тыңдауында сөйлеген АҚШ орталық әскери басшылығының жетекшісі генерал Джозеф Вотел АҚШ әскері Сириядан кеткеннен кейін ИМ қайта бас көтеруі мүмкін деп ескерткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG