Accessibility links

Ақмолдағы құс фабрикасы жұмысшылары еңбек жағдайына наразы


Capital Projects Ltd жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары. Ақмол ауылы, Ақмола облысы. 11 ақпан 2019 жыл.
Capital Projects Ltd жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары. Ақмол ауылы, Ақмола облысы. 11 ақпан 2019 жыл.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы Capital Projects Ltd жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасында жұмыс істейтін ондаған адам демалыс күндері тегін жұмыс істеуден бас тартқанымыз үшін кәсіпорынға кіргізбей қойды деп наразылық білдірді.

Жұмысшылардың айтуынша, өткен бейсенбіде кәсіпорын басшылығы оларға сенбі, 9 ақпанда жұмысқа шығуды ауызша бұйырған. Жұмысшылар қосымша уақытта жұмысқа шығу туралы бұйрықты жазбаша беруді талап еткен.

- Бейсенбіде де, жұма күні де жазбаша бұйрықты көрсеткен жоқ. Сенбіде жұмысқа келдік, жазбаша бұйрықты тағы сұрадық, бірақ бізге көрсетпеді. Сосын біз тегін жұмыс істемейміз деп үйімізге қайттық. Дүйсенбіде жұмысқа келсек демалыс күндері жұмысқа шықпаған адамдарды кәсіпорынға кіргізбеуді бұйырыпты, - дейді жұмысшы Асылхан Танкенов.

Жұмысшылар өткен айдың еңбекақысын әлі күнге алмағандарын айтады.

- Мысалы, қаңтарда кей күндері сегіз сағаттың орнына он, тіпті он екі сағат жұмыс істедік, бірақ оның ақшасы қайда деп сұрасаң, өзіңе дүрсе қоя береді, ұнамаса кет, орныңа басқалар кезекте тұр деп. Мейлі, шығара берсін, екі қолға бір күрек табылады, бірақ әркім өз құқығын қорғай білуі керек, біз сол үшін жиналып отырмыз, - дейді жұмысшы Энгельс Мұса.

11 ақпанда кәсіпорынға жиналған наразы жұмысшылармен кездесуге келген Capital Projects Ltd жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы олармен екі сағатқа жуық әңгімелесті. Содан кейін 65 адамның жұмыстан шығарылмайтынын айтты.

– Тек бір ғана жайт, тізімдегі төрт адамға қатысты мәселе басы ашық күйінде қалады. Оларға байланысты қосымша тексеру болады. Оларға ешкім айып тақпайды, тек қосымша тексереміз, - деді серіктестік директоры Әскер Құсайынов.

Өз талаптарын басшылыққа жеткізген төрт адамға қатысты тексеру жүргізілетінін естіген 65 жұмысшы мұнымен келіспей, дүйсенбі күні аудандық прокуратураға шағымдануға барды. Прокуратура журналистерді ішке кіргізбеді.

Азаттық тілшісіне Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Берікжан Әбутәліпов құс фабрикасындағы еңбек дауын облыстан еңбек инспекторы келіп тексереді деп хабарлады.

Ақмолдағы құс фабрикасы жылына 18-20 мың тонна құс етін, 2 миллион жұмыртқа өндіреді. Фабрикада 800-ге жуық адам жұмыс істейді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG