Accessibility links

АҚШ конгресі мүшесі антисемиттік сөзі үшін кешірім сұрады


АҚШ конгресі өкілдер палатасының мүшесі Ильхан Омар.
АҚШ конгресі өкілдер палатасының мүшесі Ильхан Омар.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасына Демократиялық партиядан сайланған Ильхан Омар Израиль мәселесіне қатысты жазған пікірі үшін дүйсенбі күні көпшілік алдында кешірім сұрады. Бұған дейін Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында ол Израильдің мүддесіне жұмыс істейтін лоббистік топ АҚШ конгресі мүшелеріне Израильді қолдағаны үшін ақша төлейді деген пікірін жариялаған еді.

"Антисемитизм бары рас, сөздегі жанға бататын антисемиттік сарын туралы айтып берген еврей одақтастарым мен әріптестеріме разымын" деді Омар.

Өткен жылы күзде конгреске жаңадан сайланған Ильхан Омардың Израильге қарсы сөзін өкілдер палатасындағы республикашылдар жетекшісі Кевин Маккарти сынаған. Оған жауабында Омар өзін сынағандардың көкейінде ақша тұрған болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Ал Омар Twitter-парақшасына "Американың Израиль қоғамымен байланыс жөніндегі комитеті" лоббистік ұйымы АҚШ саясаткерлеріне ақша төлейді деп жазғаннан кейін оның атына сын тіпті үдеп кетті.

Дүйсенбіде өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси палатаның өзге жетекшілерімен бірлескен мәлімдемесінде Ильхам Омардың сөзін айыптап, саясаткерді кешірім сұрауға шақырды. Конгресс мүшелерінің көбі (демократтар да, республикашылдар да) Омардың сөзін айыптады. Омарды сынағандарға қосылған АҚШ экс-президентінің қызы Челси Клинтон: "Біз өзіміз сайлаған тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің, қандай партия өкілдері екеніне қарамастан, антисемитизмді таратпағанын қалаймыз" деп мәлімдеді.

Ильхан Омардың сайлауалды кампаниясы кезінде оның 2012 жылы Израиль армиясы Газа секторында операция жүргізіп жатқанда Twitter әлеуметтік желісінде "Израиль әлемнің көзін байлап тастады" деп жазғаны және жұртты "Израильдің зұлым істерін көруге" шақырғаны мәлім болған еді. Омарға осы сөздері үшін ақталуға тура келді.

Сомалиде дүниеге келіп, 14 жасында отбасымен бірге АҚШ-ты паналаған Ильхам Омар өткен жылы күзде АҚШ конгресі тарихында тұңғыш рет өкілдер палатасына сайланған екі мұсылман әйелдің бірі болғандықтан оның Израиль туралы айтқандары ерекше назар аудартқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG