Accessibility links

Апелляциялық сот белсенді Әсет Әбішевтің үкімін күшінде қалдырды


Әсет Әбішев (оң жақта) пен адвокаты Гүлнәр Жуаспаева сот залында. Алматы, 29 қараша 2018 жыл.
Әсет Әбішев (оң жақта) пен адвокаты Гүлнәр Жуаспаева сот залында. Алматы, 29 қараша 2018 жыл.

13 ақпанда Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық алқасы елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының іс-әрекетіне араласты деген айыппен төрт жылға сотталған алматылық белсенді Әсет Әбішевтің шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің адвокаты Гүлнәр Жуаспаева хабарлады.

- Аппеляциялық шағымды қараған алқа аудандық сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Мен істе қылмыстық құрам жоқ екенін, Әбішевтің бұл ұйымның (ҚДТ - ред.) мүшесі екені дәлелденбегенін айттым. Алайда коллегия оны ескермеді, - деді адвокат.

Бүгінгі сот алқасы отырысына қамаудағы Әсет Әбішевтің өзі қатысқан жоқ. Әбішевке бұған дейін шыққан сот үкімі заңды күшіне енді.

Өткен жылы 30 қарашада Алматының Алмалы аудандық соты ҚДТ қызметіне қатысы бар деп айыпталған белсенді Әсет Әбішевті төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. 41 жастағы Әбішевке Facebоok әлеуметтік желісінде ҚДТ қозғалысын қолдайтыны туралы постар жазып, қозғалыс жетекшісі, қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовтің хабарламаларымен бөліскен деген айыптар тағылды.

Соттағы соңғы сөзінде Әсет Әбішев "Қазақстан халқы негізінен кедей тұрады, сондықтан елде демократиялық реформалар жүргізу қажет" деп мәлімдеген. Ол өзінің іс-әрекетінде экстремизм белгілері жоғын, себебі өзі де, ҚДТ қозғалысы да "билікті күшпен өзгертуге шақырмайтынын" айтқан.

Астана соты 2018 жылы 13 наурызда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым дап танып, қызметіне тыйым салған. Содан бері Қазақстанда осы ұйымның іс-әрекетіне қатысы бар деген айыппен бірнеше адам жауапқа тартылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG