Accessibility links

Астана соты белсенділерді ҚДТ жайлы шешіммен таныстырудан бас тартты


Азаматтық белсенділер Мұратбек Арғынбеков (сол жақта) пен Қанат Әбдікәрімов Есіл аудандық сотында отыр. Астана қаласы, 13 ақпан 2018 жыл.

Астананың Есіл аудандық соты тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы сот шешімінің материалдарымен таныстыруды сұраған азаматтық белсенділер Мұратбек Арғынбеков пен Қанат Әбдікәрімовтің арызын қанағаттандырмау туралы сот анықтамасына өзгеріс енгізуден бас тартты. Белсенділер ҚДТ туралы сот шешімінің материалдарымен мүдделі үшінші тұлға ретінде таныстыруды сұраған болатын.

Істі қараған судья Гүлнәр Әбдіғалиева Азаттық тілшісіне сот отырысынан аудио және видео жазуына және фотоға түсіруіне тыйым салды.

2018 жылы 2 қарашада Целиноград аудандық соты Ақмола облысының тұрғыны 45 жастағы Мұратбек Арғынбековті "тыйым салынған экстремистік ұйымның ісіне қатысқаны" үшін айыпты деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеуге үкім еткен. Арғынбеков тіркелмеген қозғалысты экстремистік ұйым деп тану туралы іс материалдарымен танысуға құқым бар деп санайды.

2018 жылы 21 желтоқсанда Есіл аудандық сотының судьясы Руслан Мәжитов азамат Мұратбек Арғынбековті ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп таныған сот материалдарымен таныстыруға құқықтық негіз жоқ деген шешім шығарған. Бұған келіспеген Арғынбеков пен Әбдікәрімов сотқа арыз түсірген. Қанат Әбдікәрімов ҚДТ қозғалысына қатысы болмаса да өткен жылы желтоқсанда полиция өзін ұстап, тыйым салынған материалдар бар-жоғын тексереміз деген сылтаумен телефонын тартып алғандықтан, сот экстремистік деп таныған ұйым іс материалдарымен танысқысы келетінін айтады.

Сот шешімін жариялағаннан кейін судья Гүлнәр Әбдіғалиева Арғынбеков пен Әбдікәрімовке шешімге бес күн ішінде наразылық беруге мұрсаты барын хабарлады. Белсенділер сот шешімімен келіспейтінін айтты.

- Сот басталғанда өзіңізді таныстырмадыңыз, біздің құқымыз туралы ештеңе айтпадыңыз және сізге сенетініміз туралы да сұрамадыңыз. Сіз процесуалдық кодекс нормаларын сақтамадыңыз, біз бұл шешімді заңсыз деп санаймыз, - деді Қанат Әбдікәрімов.

Судья Гүлнәр Әбдіғалиева қарсы уәж білдірмеді.

2018 жылы 13 наурызда Астананың Есіл аудандық соты тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы прокуратураның талабын қанағаттандырып, Қазақстанда ұйым қызметіне тыйым салған. Содан бері өткен уақыт ішінде елде бірнеше адам жауапқа тартылған. ҚДТ қозғалысын 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан бұрынғы банкир әрі Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған. Қазақстан билігі оған ірі мөлшерде қаржы жымқырған, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық жасаған және тапсырыспен адам өлтірген деген айыптар тағып, екі рет сырттай соттаған. 2018 жылы Жамбыл облыстық соты Әблязовқа өмірлік түрме жазасын кескен. Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған және олардың саяси астары бар деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG