Accessibility links

Мәжіліс депутаты әр аймақтың әлеуметтік картасын жасауды ұсынды


Қазақстан парламентінің ғимараты.
Қазақстан парламентінің ғимараты.

Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Зәуреш Аманжолова Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдауына жақында Астанада өрттен бес баласы қаза тапқан отбасындағы ауыр жағдай себеп болғанын айтты.

Депутаттың пікірінше, жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың жекелеген санаттарының табысы, олардың қалай өмір сүріп жатқаны туралы шынайы жағдайдан хабарсыз.

"Әр аймақтың әлеуметтік портреті, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың әлеуметтік паспорты жоқ. Бұған аймақтарға сапар барысында көз жеткіздік. <...> Жұмыс тобына әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, ауыл, аудан, облыс бойынша мемлекеттің қамқорлығын қажетсінетін азаматтардың: көп балалы, аз қамтылған отбасылардың, сол сияқты мүгедек, ауыр жағдайға тап болған және басқа мұқтаж жандардың санаттарын нақты көрсетіп арнайы әлеуметтік карта жасау қажеттігін назарға алуды ұсынамыз. Және сондай әлеуметтік карта негізінде көп балалы отбасылары мен басқа да санаттағы азаматтарға көрсетілер жәрдемнің, соның ішінде баспанамен қамтамасыз ету, еңбекке орналастыру және басқа әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы өлшемдерін қайта қарастыру керек. Сонда бірінші кезекте кімге қандай көмек қажет екені байқалады" деді Аманжолова.

Депутаттың сөзінше, 9 қаңтарда парламент мүшелері үкіметтен "адам қазасына апарып соғатын төтенше оқиғалардың жиілеп кеткеніне баса назар аударуын сұраған".

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.

6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованы орнынан босатуды талап еткен. Осындай акциялар Алматы, Ақтөбе, Қарағанды мен Қызылорда қалаларында да өткен.

6 ақпанда үкімет жанынан халықтың тұрмысын жақсарту, соның ішінде көп балалы отбасыларын қолдауды күшейту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылғаны жарияланған. 12 ақпанда министр Әбілқасымова жұмыс тобы көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қарастыратынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG