Accessibility links

Назарбаев жұмыссыз жүрген жастар туралы айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

13 ақпанда Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздарымен кездесті. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.

Кездесуде Назарбаев көп дипломы бола тұра жұмыссыз жүрген жастар туралы, өзінің балалық шағы туралы айтты.

"Оқымаған шаруалардың отбасынан шықтым. Әкем де, шешем де мектепте оқымаған. Мен сияқты адамдар Қазақстанда көп болды. Ешқашан тойып тамақ ішппедім. Мен оңтүстік аймақта өстім. Жаздан бастап алма, қияр, қызанақ жеп өстік. Тойып тамақ ішпеген соң денім сау болып өскен шығар. Құдай осыншама өмір берді" деді ол.

Назарбаев жиында "еш уақытта президент боламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ жұмысымды адал істеуге тырыстым. 19 жасымда өндіріс озаты болып, комбинат өз есебінен қазіргі Қарағанды политехникалық университетіне оқуға жіберді. 20 жасымда Хельсинкиде өткен Дүниежүзі жастары мен студенттері фестиваліне делегат болып қатыстым. Көпшілік алдында сөз сөйлеуді үйрендім. Кездейсоқ саясатқа араласып, президент болдым" деді.

Назарбаев қазір Қазақстан жасанды интеллект, ақпараттық теxнологиялар, биоинженерия, нанотеxнология бағыттарына көп мән беру керектігін айтты.

"Ашығын айту керек, бірнеше институтты бітірген адамдар келіп, төрт дипломдарын көрсетеді. Сонда бір дипломды пайдаға жарата алмасаң, төрт дипломның қажеті қанша? Онымен мақтануға бола ма? Жастарға жиі айтамын, үй тазалау, көше сыпыру ұят емес. Мұнда қаншама жұмыс бар кезде әйелдер үшін құр қол жүру, тәнін сату - ұят" деді ол.

"Қазақстанның 100 жаңа есім" жобасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында басталған. Жобасының мақсаты - тәуелсіз Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан жастардың ісін насихаттау және қолдау. "100 жаңа есімді" халық дауыс беру арқылы анықтайды.

Қазақстанда биыл Жастар жылы деп жарияланған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 19.02.2019
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:53 0:00
XS
SM
MD
LG