"Ресей әскери барлауының (ГРУ) бұрынғы офицері және британдық агент Сергей Скрипальдің денсаулығы нашарлаған. Қазір оның хал-жағдайын дәрігерлер бақылап, қажетті көмек көрсетіп жатыр". Бұл туралы Ұлыбританияда жарық көретін Sunday Times басылымы британ арнайы қызметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап, ақпанның 17-сіне хабарлады.
Дәрігерлердің айтуынша, "Новичок" уынан зардап шеккен адамның ағзасын одан тазартқаннан кейін де удың әсері жалғаса береді.
2018 жылы 4 наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей әскери барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия Скрипаль ес-түссіз жатқан жерінен табылған. Британ тергеушілерінің мәлімдеуінше, Ұлыбританияға жалған құжаттармен келген ресейлік барлаудың екі агенті Скрипальдар тұратын үйдің есігінің тұтқасына у жағып кеткен. Әкесі мен баласы ауруханада ұзақ уақыт емделіп аман қалған.
17 ақпанда таңертең Солсбери қаласындағы соборға белгісіз біреулер Ресей туын іліп кеткен. Өткен жылы британ билігі Сергей Скрипаль мен қызына жасалған қастандыққа ГРУ-дың екі агенті (тергеушілердің дерегінше, олардың шын аты-жөні – Анатолий Чепига мен Александр Мишкин) күдікті саналатыны туралы мәлімдегеннен кейін әлгі екеуі RT телеарнасын берген сұхбатында Солсбериге қала соборын көруге бардық деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР