Accessibility links

Полиция: Алматыда ұсталғандар әкімнің жиынын бұзбақ болған


Алматы қаласы әкімінің тұрғындар алдында есеп беру шарасы. 20 ақпан 2019 жыл.
Алматы қаласы әкімінің тұрғындар алдында есеп беру шарасы. 20 ақпан 2019 жыл.

Алматы полиция департаменті қала әкімі Бауыржан Байбектің бүгін, 20 ақпанда өткен есеп беру жиынына қатыспақ болған кейбір белсенділердің ұсталуына қатысты жауап берді.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің айтуынша, "полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алған".

Баспасөз қызметі таратқан хабарламада "Әкімнің есеп беру кездесуі алдында бірқатар тұлға шараны бұзуға тырысты. Құқық қорғау органдарының бірнеше рет ескерткеніне қарамастан қоғамдық тәртіп бұзушылар шараны өткізуге кедергі келтіруін доғармады" деп жазылған.

Әзірбектің хабарлауынша, полицейлер белсенділерді Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің ұсақ бұзақылық туралы жазылаған 434-бабы 1-тармағына сәйкес ұстаған. Полиция департаменті "жағдайды анықтап, заңнамада көрсетілген шараларды қабылдау үшін ұсталғандар бөлімшелерге жеткізілді" деп мәлімдеді.

Азаттық нақты қанша адамның ұсталғанын білмек болып полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымен, байланысу мүмкін болмады.


Бұған дейін Азаттық қала әкімі Бауыржан Байбектің есеп беру жиыны басталар тұста бірнеше белсендінің ұсталғанын хабарлаған. Оның ішінде "Көкжайлауды қорғайық!" қозғалысы белсендісі Андрей Бузыкин бар. Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев те өзінің ұсталғанын жазды. Белсенді Марат Тұрымбетов өзін полиция бөлімшеге әкетіп, кейін босатқанын хабарлады. Бір күн бұрын белсенділер Дильнар Инсенова мен Сахиб Жаңабаеваға полицияның барғанын жазған.

Оқи отырыңыз: Әкімдердің есеп беру жиыны қалай өтті?

Байбектің есеп беру жиыны алдында белсенділердің ұсталуы алғаш рет емес. Былтыр Республика сарайына кірмек болған бірнеше белсенді мен азаматты бірін бірнеше сағат шағын автобуста ұстап, кейбірін полиция бөлімшеге әкеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG