20 ақпанда Түркістан облысы Кентау қалалық әкімдігіне ондаған көп балалы ана келді. Оларды қала әкімі Ғани Рысбеков қабылдаған.
Кентау қаласының тұрғыны, көп балалы ана 33 жастағы Мақпал Әбішеваның айтуынша, әкімнің қабылдауында болған жетпістен аса көп балалы ана баспана, мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға берілетін көмек жайлы айтқан.
- Кентауда тұрақты жұмысқа кіру үшін пара сұрайды. Аналар осы мәселе тоқтатылсын, жағдайы төмен отбасыларға тегін баспана берілсін деп талап етті, - деді ол.
Жиында қала әкімі әкімдіктің құзіреті жететін "мектепте тегін ыстық тамақ беру" сияқты мәселелерді шешетінін айтқан.
Қала әкімдігі көп балалы аналардың әкімдік алдына келгенін, әкім оларды қабылдағанын растады. Аналар талаптарын қағазға жазып берген.
Көп балалы аналар Кентау қаласының әкімдігіне бірнеше күннен бері келіп, арызданып жүр. Ресми дерек бойынша, мұнда 6100 көп балалы отбасы бар. Оның 322-сінің тұрмысы төмен.
Қарай отырыңыз: Аналардың талабы қандай?
Астанада бес бала қаза тапқан өрттен соң басталған көп балалы аналар наразылығынан кейін үкіметте халықтың тұрмысын жақсарту үшін арнаулы жұмыс тобы құрылған.
ПІКІРЛЕР