Accessibility links

Депутат Назарбаева Қазақстандағы сөз бостандығы жайлы айтты


Сенат депутаты Дариға Назарбаева.
Сенат депутаты Дариға Назарбаева.

Қазақстан парламентінің сенат депутаты, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева "сөз бостандығына баға беретін түрлі рейтингілерге күмәнмен қарайтынын" айтты.

Назарбаева "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан көрсеткіштерінің нашарлағаны" жайлы сұраған журналиске: "Сөз бостандығы жоқ деп санайсыз ба?" деп қайтара сауал қойып: "Қаласаңыз, бәрін ұрысып, сынай беріңіз. Әлеуметтік желіде бәрі ашық жазылады. Қандай рейтингіні айтып тұрғаныңызды білмеймін" деп жауап берді.

Назарбаева айтуынша, "рейтингінің бәріне сене беруге болмайды - бәрі рейтингіні кім, не үшін құрастыратынына байланысты".

"Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) халықаралық ұйымының былтыр сәуірдегі есебінше, Қазақстандағы сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігінің жағдайы нашарлай түскен. Астана "баспасөз еркіндігі рейтингінде" 54,41 ұпаймен 158-орында тұр.

"Елдегі репрессия спиралі төмендеген жоқ. Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың ізбасары туралы айтылмайды. Ал Назарбаев билікті өз қолына алып, оны сақтап қалу үшін қысымды күшейтті" деп жазады ұйым.

Оқи отырыңыз: Freedom House есебі: Қазақстан – "еркін емес" мемлекет

Зерттеу авторларының айтуынша, Қазақстандағы негізгі оппозициялық газеттер 2012 жылы жабылды. Қалғандары көптеген айыппұлдардан кейін жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстанда 2017 жылы БАҚ туралы заңға өзгертулер енгізілгенін, бұл заң журналистердің жұмысын қиындата түскенін жазады.

"Журналистер көп қудалауға ұшырайды. Қазір ел билігі интернетті бақылауға алған. Елде сайттар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер көп бұғатталады" деп жазылған зерттеудің Қазақстан туралы бөлігінде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG