Accessibility links

Талдықорғанда "ҚДТ қозғалысына қатысты" деп айыпталған зейнеткердің соты басталды


"Тыйым салынған ҚДТ қозғалысының қызметіне қатысты" деп айыпталған Талдықорған қаласының 68 жастағы тұрғыны Болатхан Жүнісов. 22 ақпан 2019 жыл.

Бүгін, 22 ақпанда Талдықорған қылмыстық істер сотында отставкадағы полиция майоры 68 жастағы Болатхан Жүнісовтің үстінен "сот тыйым салған ұйымдардың қызметіне қатысу" бабымен қозғалған іс бойынша сот процесі басталды.

Жүнісовке 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан билігін жиі сынайтын Мұхтар Әблязовтің тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жұмысына қатысты" деген айып тағылған.

Сот отырысының басында, Жүнісовтің сөзінше, судья Құралай Дарханова "Тағылған айып түсінікті ме? Кінәңізді мойындайсыз ба?" деп сұраған. Жүнісов өзіне "айып түсінікті болғанымен, мойындамайтынын" айтқан.

Сот отырысы кезінде Жүнісов екі шағым түсірген. Бірінде – процестің қазақша өтуін, екінші шағымында қызы Лаура Жүнісованы сот процесі барысында өзінің қоғамдық қорғаушысы етуді сұраған.

Судья бұл өтініштерге келесі отырыста жауап беретінін айтып, прокурор Марат Абуовқа айыптау актісін оқуы үшін сөз берді.

Прокурордың сөзінше, "Болатхан Жүнісов ҚДТ қозғалысының идеясын жақтайтын, ҚТД-ны жарнамалайтын чаттарда болған".

Айыптау актісінде "2018 жылдың қыркүйегінде Жүнісов Telegram желісіне "Муса Ракым" логинімен тіркелген. 2018 жылдың 13-24 қарашасы аралығында Facebook-те "Bolathan Zhunussov" атымен Мұхтар Әблязовтің бейнесі бар, ҚДТ ұрандары жазылған жазбаларды жиі жариялаған. Сондай-ақ Telegram-да ҚДТ-ны қолдауға шақырған аудиофайлдармен тұрақты түрде бөліскен" деп жазылған.

Айыптау тарапы "Қылмыстың жеңіл түрін алғаш рет жасағанын мойындап, шын өкінетінін айтса" Болатхан Жүнісовтің қылмыстық жауапкершілігі мен жазасы жеңілдеуі мүмкін" деді.

Жүнісов айыбының "дәлелі" ретінде прокурорлар Астанадағы Есіл аудандық сотының 2018 жылы 13 наурызда ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп тану туралы шешімін келтіреді.

Болатхан Жүнісов – ҚДТ-ны қолдағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып жатқан бірінші адам емес. Қазақстанда осыған ұқсас оннан аса іс қаралған. "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты" деп айыпталғандардың кейбіріне түрме жазасы кесілген. Кінәсін мойындап, өкінетінін айтқан азаматтарға бас бостандығын айырудан басқа жаза тағайындалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG