2018 жылы Ауғанстандағы соғыс пен терактіден қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны соғыс болған 20 жылдан бері болмаған көрсеткішке жеткен. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымы хабарлады.
Ұйым есебіне қарағанда, былтырдың өзінде елде 3800 адам өліп, 7100 адам жараланған. Олардың көбі - тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының не "Талибан" радикалды қозғалысының жанкештілері ұйымдастырған жарылыстар құрбаны.
2018 жылы Ауғанстанда кем дегенде 65 теракт болған. 500-ге тарта бейбіт тұрғын АҚШ пен оның одақтастары жасаған әуе шабуылдарынан қаза тапқан.
Былтыр Ауғанстанда ұрыс күшейген: тәліптермен бірге тыйым салынған "Ислам мемлекетінің" содырлары да үкіметке қарсы соғысып жатыр.
Оқи отырыңыз: Ауғанстанда бейбітшілік орнату жоспары жарысқа айналып бара ма?
Бірнеше күннен соң Катарда Ауғанстандағы соғысты доғару жөніндегі АҚШ пен тәліптер келіссөзінің келесі кезеңі басталады. Бұған дейінгі кездесулерде ымыраластық жоспары жасалғанымен, екі тарап көп детальға қатысты әлі мәмілеге келе алған жоқ.
ПІКІРЛЕР