Accessibility links

Шымкент әкімі көп балалы аналармен кездесуге шықпады


Шымкент қаласы әкімдігіне келіп, әкіммен кездесуді талап етіп тұрған аналар. 25 ақпан 2019.

25 ақпанда Шымкентте қала әкімдігіне келген ондаған көп балалы ана қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымовтың шығып, сұрақтарына жауап беруін талап еткен. Бірақ әкім кездесуге шықпады.

Әкімнің кездесуге неге келмегені айтылған жоқ.

Көп балалы аналар сөзінше, оларды әкім орынбасары Гүлжан Құрманбекова қабылдаған. Әуелде жиналған елуден аса көп балалы ананың отыздан астамы әкімдік өкілімен кездесуге кірген.

Азаттық тілшісі сөйлескен аналардың айтуынша, әкім орынбасары Құрманбекова "үкіметке көп балалы аналарға қатысты 15 ұсыныс жібердік" деген. "Қандай ұсыныстар?" деп сұраған аналар "жауап ести алмағандарын" айтты.

Таңертең 9.00-ден әкімдік дәлізінде жиналған көп балалы аналар әкімнің сыртқа шығып, өздерімен кездесуін сұрап айқайлаған. Келген аналардың бірі "баспана, мүгедек баласы бар көп балалы аналардың жайы сияқты бірнеше мәселені айтпақ едік" деді. Оның айтуынша, 16 ақпанда қала әкімдігінің қызметкерлері көп балалы аналардың арызын қабылдап алғанымен, еш нәтиже болмаған.


4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.

6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған. Астана және Алматы қаласы әкімінің есеп беру жиынында да көп балалы аналар әлеуметтік мәселені көтерген.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG