Accessibility links

Прокурор "ҚДТ әрекетіне қатысқан" зейнеткердің еркіндігін шектеуді сұрады


Тыйым салынған "ҚДТ қызметіне қатысты" деп айыпталған Болатхан Жүнісов. Талдықорған, 22 ақпан 2019 жыл.
Тыйым салынған "ҚДТ қызметіне қатысты" деп айыпталған Болатхан Жүнісов. Талдықорған, 22 ақпан 2019 жыл.

27 ақпанда Талдықорған қаласында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 68 жастағы жергілікті тұрғын Болатхан Жүнісовтің үстінен "сот тыйым салған ұйымдардың қызметіне қатысу" бабымен қозғалған іс бойынша сотта жарыссөз аяқталды.

Айыпталушының адвокаты Әділ Аңдасбаевтың Азаттыққа айтуынша, судья Құралай Дарханова Жүнісовтің сотты мемлекеттік тілде жүргізуді және қызы Лаура Жүнісованы өзіне тағы бір қорғаушы етіп алуды сұраған өтінішін қанағаттандырған. Ал сот барысын видео және аудиотаспаға жазуды сұраған Жүнісовтің өтінішін ішінара қанағаттандырып, тек аудио жазбаға рұқсат берген.

Куәгерлер мен айыпталушыдан жауап алынғаннан кейін жарыссөзде бірінші болып сөйлеген прокурор Марат Абуов сот тергеуі барысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп мәлімдеді. Ол Жүнісовтің бұрын жауапқа тартылмағаны және зейнет жасында екені оның жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беретінін айтты. Абуовтың сөзінше, былтыр жазда прокурорлардан ескерту алған айыпталушы іс-әрекеті «қылмыстық заңды бұзатынын» білген. Прокурор соттан Жүнісовтің бас бостандығын бір жылға шектеуді сұрады.

Адвокат Аңдасбаев соттан Жүнісовтің іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан оны толық ақтауды сұраған. Адвокаттың пікірінше, ондай тіркелген ұйым жоқ болғандықтан Жүнісовті экстремистік ұйымға қатысушы немесе қолдаушы деп тануға болмайды.

Болатхан Жүнісовтің Азаттыққа айтуынша, ол соттан өзін ақтауды сұраған. Жүнісов өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, сондықтан ешнәрсеге өкініш білдірмейтінін айтты. Ол «Қазақстанның демократиялық таңдауы» деген қозғалыс ресми тіркелмегендіктен ондай экстремистік ұйым жоқ деп санайды. Сондықтан Жүнісов соттан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған және тыйым салған Астананың Есіл аудандық соты шығарған шешімнің Конституцияға сәйкестігін анықтау үшін Конституциялық кеңеске жүгінуін сұраған. Судья Құралай Дарханова ҚДТ қозғалысына азаматтық іс бойынша сотта тыйым салынғанын, ал бұл жерде қылмыстық іс қаралып жатқанын алға тартып, Жүнісовтің өтінішін қанағаттандырған жоқ. Бұған қоса судья Есіл аудандық соты шешіміне заңда белгіленген мерзімде ешкім шағым түсірмегендіктен ол баяғыда заңды күшіне енгенін айтқан.

Болатхан Жүнісовтің соңғы сөзінен кейін судья Дарханова кеңесу бөлмесіне кеткен. Сот үкімі бейсенбіде жариялануы тиіс.

Отставкадағы полиция майоры Жүнісовке 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан билігін жиі сынайтын Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жұмысына қатысты" деген айып тағылған. Қазақстанда 2018 жылы наурызда шығарылған сот шешімімен ҚДТ қозғалысы экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған.

Айыптау қорытындысында Болатхан Жүнісовтің мессенджер чатында ҚДТ идеясын қолдайтын және тарататын топқа тіркеліп, әлеуметтік желіде Әблязов пен ҚДТ туралы суреттер, аудиофайлдар жариялағаны айтылған.

Айыптау актісінде Жүнісовтің айыбына "дәлел" ретінде үш сарапшының қорытындысы, екі куәгердің айтқаны және 2018 жылы 13 наурызда Астананың Есіл аудандық соты ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, оған тыйым салу туралы шығарған шешімд келтірілген.

Болатхан Жүнісов ҚДТ қозғалысын қолдаған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылып жатқан бірінші адам емес. Қазақстанда осыған ұқсас оннан аса іс қаралған. "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты" деп айыпталғандардың кейбіріне сот түрме жазасын кескен. Кінәсін мойындап, өкінетінін айтқан азаматтарға бас бостандығын айырудан басқа жаза тағайындалған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG