Accessibility links

Алжирде президент Бутефликаға қарсы шеру жалғасты


Наразылық шеруіне қатысушы жас жігіт. Алжир, 5 наурыз 2019 жыл.
Наразылық шеруіне қатысушы жас жігіт. Алжир, 5 наурыз 2019 жыл.

Алжирде елдің қазіргі президенті 82 жастағы Әбделәзиз Бутефликаның кезекті рет сайлауға түсуіне қарсы мыңдаған адам сейсенбіде наразылық шеруіне қатысты. 5 наурызда ел астанасында көшеге шыққан жүздеген студент Бутефликаның президент сайлауына бесінші мәрте түсуіне қарсылық білдіріп, 18 сәуірге белгіленген сайлауды басқа мерзімге ауыстыруды талап етті.

Наразылық акциясын сырттай бақылаған қала тұрғындары шеруге қатысушыларға қол шапалақтап, қолдау көрсетті деп хабарлайды AFP.

Reuters ел астанасымен бірге Константина, Аннаба мен Блида қалаларында да студенттер наразылық акцияларына шыққаны туралы хабарлады.

22 ақпаннан бері Алжирдегі қарсылық шерулеріне ондаған мың адам қатысты. Елде мұндай жаппай наразылық 2011 жылдан бері байқалмаған. 3 наурызда Бутефлика бесінші рет президент сайлауына түсетіні туралы мәлімдегеннен кейін наразылық күшейген.

Оқи отырыңыз: Алжирде мыңдаған адам президенттің биліктен кетуін талап етті

Әбделәзиз Бутефлика Алжирді 1999 жылдан бері басқарып келеді. 2013 жылы оған қастандық жасалған. Содан бері мүгедектер арбасымен жүретін ол көп алдына сирек шығады. Жақында Швейцария ақпарат құралдары Бутефликаның сол елде ем алып жатқаны туралы хабарлаған.

Оппозициялық партиялар Алжир президенті денсаулығына байланысты қызметін атқара алмаған жағдайда оның орны бос деп жарияланатыны жайлы конституция бабын қолдануға шақырған. Оппозиция сайлауды жарты жылдан кейін өткізуді, оған дейін тәуелсіз үкімет құрып, жаңа конституция жобасын әзірлеуді ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG