Accessibility links

Атыраулық "Кришна санасы қоғамына" хаттама толтырған


Полиция көлігі. (Көрнекі сурет.)
Полиция көлігі. (Көрнекі сурет.)

Атыраудағы "Кришна санасы қоғамы" діни бірлестігіне жергілікті биліктің рұқсатынсыз "діни жиын" өткізгені үшін айыппұл салынуы мүмкін. Ұйым өкілдері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы 6 наурызда алған.

4 наурызда толтырылған хаттамаға дін істері жөніндегі басқарма бас маманы Ерлан Ерғалиев қол қойған. Онда 3 ақпанда Сәтпаев көшесіндегі ұйым мүшесінің үйінде "жергілікті атқарушы органнан алдын ала келісім алмай діни жиын" өткізілгені айтылған.

Құқық қорғаушылардың сөзінше, жексенбі, 3 ақпанда ұйымның бірнеше мүшесі жиналған пәтерге полиция формасындағы және жай киім киген оншақты адам келген. Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның хабарлауынша, қауіпсіздік күштері өкілдері көршілердің "у-шуға" шағымданғанын, пәтерде "біртүрлі адамдар" жүргені туралы әлдекімдер телефонмен хабарлағанын айтқан.

- Полиция қызметкерлері аяқастынан жетіп келді.Олар жиналғандарды видеоға түсіріп, түсініктеме алды. Істі сотқа жеткізбей жапқанын қаладық. Ешқандай саясатқа қатысымыз жоқ екенін, тек қасиетті Құдайдың атына мадақ айтқанымызды түсіндірдім, - дейді Атыраудағы "Кришна санасы қоғамы" мүшесі Әлия Қазиева.

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюросы Атырау филиалының жетекшісі Әсел Нұрғазиева "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң ережесін бұзу" бабы бойынша іс әкімшілік сотқа жолданғанын хабарлады. Діни бірлестікке "діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу туралы заң талаптарын бұзған" деген айып тағылған. Әкімшілік заңда бұл үшін заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде (505 мың теңге немесе қазіргі бағаммен 1340 доллар)айыппұл салу қарастырылған.

Қоғамдық даму министрлігінің (қазір - ақпарат және қоғамдық даму министрлігі) ақпандағы хатында Атырау облыстық діни басқармасының талабын қолдап, діни ұйымдар өз ғибадатханаларынан тыс жерде діни іс-шараларын өткізуге жергілікті атқарушы органнан алдын ала рұқсат алуы қажет деп мәлімдеген.

2018 жылы 13 шілдеде ресми тіркелген Атыраудағы "Кришна санасы қоғамы" діни бірлестігі ісіне байланысты комментарий беруді сұраған Азаттықтың өтінішіне ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі кейінірек жауап беретінін айтты.

АҚШ-тың дін бостандығы мәселелері жөніндегі комиссиясы (USCIRF) есебінде Қазақстанда азаматтардың діни еркіндігі шектелетіні айтылған. АҚШ конгресі 1998 жылы құрған USCIRF 2008 жылдан бері жариялап келе жатқан жыл сайынғы есебінде Қазақстандағы ахуалға да баға береді. 2012 жылы USCIRF Қазақстанды алғаш рет азаматтардың діни бостандығын бұзатын елдер қатарына жатқызған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG