Accessibility links

Белсенді Сүйін Абулданың апелляциялық шағымын сот қанағаттандырмады


Шымкенттік белсенді Сүйін Абулда.
Шымкенттік белсенді Сүйін Абулда.

7 наурызда Шымкент қалалық соты "жалған куәлік берген" деген айыппен бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенді Сүйін Абулданың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби хабарлады.

Өткен жылы 10 желтоқсанда Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты Сүйін Абулданы Қылмыстық кодекстің "Сарапшының, маманның көрінеу жалған айғақтары, қорытындылары немесе қате аударма" деген бабы бойынша айыпты деп танып, белсендіні 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Әл-Фараби соты Абулдамен бірге істі болған Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясының бұрынғы жетекшісі Марат Жұмановты "көрінеу жалған сөз жеткізген" және "жалған айғақ бергені" үшін бес жылға бас бостандығынан айырған.

Сот үкімін естігеннен кейін Сүйін Абулда Азаттық тілшісіне үкіммен келіспейтінін және оның саяси астары бар деп санайтынын мәлімдеген болатын. Ол алаяқтық ісі бойынша тергеуге берген куәлігі бұрмаланып, кейін өзіне айып ретінде тағылғанын айтқан еді.

Шымкентте түрлі әлеуметтік мәселелерді көтеретін белсенді ретінде танылған Сүйін Абдулда өткен жылы өзіне "жала жапқанын" айтып, жергілікті журналист Динара Бекболаеваның үстінен сотқа шағым түсірген. Бұл істі қараған сот журналисті ақтады.

Абулда әлеуметтік желіде "ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін" жазба жазғаны үшін жергілікті шымкенттік белсенді Ардақ Әшімді де сотқа берген.

2016 жылы мамырда Шымкентте жер мәселесі бойынша митингі өтуі мүмкін екені туралы хабар таратқаны үшін сот Сүйін Абулданы әкімшілік жауапкершілікке тартып, 15 тәулікке қамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG