Accessibility links

АҚШ Гүлнара Каримоваға парақорлық және бопсалау айыбын тақты


Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова.

АҚШ билігі Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова мен ресейлік МТС мобильдік байланыс операторының Өзбекстандағы еншілес компаниясы басшысы Бехзод Ахмедовке 865 миллион доллар пара алған және күмәнді ақшаны заңдастырмақ болған деп айып тақты. Бұл туралы Нью-Йорк прокуратурасы хабарлады.

АҚШ әділет министрлігі мен бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясы Өзбекстанның телекоммуникация нарығындағы жемқорлықты тексеріп жатыр. Тергеу ісінде ресейлік МТС мобильдік байланыс операторы, швециялық Telia Company AB (бұрынғы TeliaSonera) және ресейлік "Вымпелком" операторының меншік иесі Veon компаниялары аталады. Бұл компаниялардың акциялары АҚШ қор биржаларында сатылған.

7 наурызда МТС АҚШ билігімен келісім жасады. Компания Өзбекстан нарығына ену үшін пара беру ісі бойынша 850 миллион доллар айыппұл төлеуге келісті.

АҚШ прокуратурасының мәліметі бойынша, 2000 жылдардың басында Ахмедов Өзбекстанның коммуникация нарығына кірмек болған операторлардан пара бопсалаған. Каримова әлгі компанияларға тиімді келісім-шартқа отыруына болысқан.

2015 жылы тамызда Ташкент соты Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру, бопсалау және тағы басқа қылмыстарға айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеген. Кейін Каримованың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғап, алаяқтық жасаған, шетел валютасын жасырған, кеден заңын бұзған және қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған деп айыптаған. 2017 жылы сот Гүлнара Каримованы 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бірақ кейін сот оны бес жылға бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстырған. Каримоваға қарсы қозғалған екі қылмыстық іс бойынша мемлекетке 2 миллиард долларға дейін зиян келген деп хабарланды.

Осы аптада Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы бұрынғы жазасын өзгертіп, жалпы режимдегі колонияға қамауға үкім еткен. Өзбек билігі Каримованың байланыс құралдарын бірнеше рет пайдаланғанын және қызы Иманның пәтерінен өз бетінше шығып, "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзғанын" мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG