Accessibility links

Алматыда Астанадағы өрттен қаза болған бес баланы еске алды


Астанада уақытша баспанадағы өрттен қаза болған бес баланы еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 8 наурыз 2019 жыл.
Астанада уақытша баспанадағы өрттен қаза болған бес баланы еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 8 наурыз 2019 жыл.

8 наурыз күні Алматыдағы 28 панфиловшылар паркіне келген бірнеше адам өткен айда Астанада уақытша баспанадағы өрттен қаза болған кәмелетке толмаған бес қыз баланы еске алды. Еске алу шарасына қатысқандардың арасында көп балалы отбасылар мәселесін көтеріп жүрген Ирина Ким, митингі өткізуге рұқсат бермеген қала әкімдігімен соттасқан заңгер Әлнұр Ильяшев және басқалар болды. Олар парктегі Мәңгілік алауға гүл мен ойыншықтар қойды.

- Бүгін 8 наурыз. Олар да қыз балалар еді. Бұл қасірет мені "оятты". Сондықтан мұндай қайғылы жайт қайталанбауы үшін үнемі осы тақырыпты қозғауға тырысып жүрмін. Ол оқиғадан кейін ешбір жаңа бағдарлама әсер етпеген жағдайда тұрып жатқан аналардың тұрмысымен таныса бастадым. Олар [баспана алуға] кезекке ілінбей, жәрдемақы алмай бәз-баяғы тірлігін кешіп жатыр, - деді Ирина Ким.

Оның сөзінше, тұрақты тіркеуі болмағандықтан көптеген отбасылар мемлекеттен әлеуметтік көмек ала алмай отыр. Банкке өтемеген қарызы бар аналар баспана алуға үкімет уәде еткен жеңілдікті несие өздеріне тимей қала ма деп қорқады.

28 панфиловшылар паркіндегі бас-аяғы бес минуттай уақытқа созылған еске алу шарасын жай киім киген адамдар алыстан бақылап тұрды. Журналистер шараға жақын маңда полиция қызметкерлері мен көліктері тұрғанын байқады. Билік өкілдері ешкімді ұстаған жоқ.

Ақпанның 4-іне қараған түні Астанада уақытша баспанадағы өрттен бір отбасының бес баласы (ата-аналары түнгі жұмыста болған деп хабарланды) мерт болғаннан кейін, Қазақстанның бірнеше қаласында аналар жаппай наразылық танытты. Олар биліктен көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, балаға төленетін жәрдемақыны көбейтуді, баспана мәселесін шешуді және жеңілдіктер беруді талап етті. Ақпанның соңы мен наурыздың басында жергілікті билік орындары ұйымдастырған кездесулерде наразы тұрғындар облыс және қала әкімдіктері шенеуніктеріне әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ауыр жағдайын айтып, олардың проблемасына биліктің назар аударуын талап етті. Наразылық күшейіп тұрған тұста билік мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек аясында берілетін жәрдемақыны ұлғайтуға, жәрдемақы алу шартын жеңілдетуге, күнкөрісі төмен көп балалы отбасыларға жалға берілетін баспана санын көбейтуге және тағы басқа шаралар қабылдауға уәде етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG