Accessibility links

БҰҰ адам құқығы кеңесі алғаш рет Эр-Риядты сынады


БҰҰ адам құқығы кеңесінің отырысы. Женева, 25 ақпан 2019 жыл.
БҰҰ адам құқығы кеңесінің отырысы. Женева, 25 ақпан 2019 жыл.

Сауд Арабиясын адам құқығы мен бостандығын шектеп отырғаны үшін сынаған мәлімдемеге БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесіне мүше 36 ел (арасында Еуропа одағы құрамындағы 28 мемлекет бар) қол қойған. Құқық қорғаушы кеңес 2006 жылы құрылғаннан бері Эр-Риядты алғаш рет сынға алды.

Мәлімдеме авторлары Сауд Арабиясы билігін өткен жылы түрмеге қамалған құқық қорғаушы әйелдерді босатуға шақырған. Белсенділердің мәліметінше, билік тұтқындағы әйелдерге қысым жасап, азаптаған. Қамауда отырғандардың арасында Сауд Арабиясында әйелдердің автокөлік жүргізу құқығы үшін күрескендер де бар. Жыл басында жарияланған Дүниежүзілік банк рейтингінде Сауд Арабиясы гендерлік теңдік бойынша ең төменгі – 187-орында тұр.

Бұған қоса мәлімдеме авторлары Эр-Рияд 2018 жылы қазанда Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында өлтірілген журналист Жамал Хашоггидің қазасы туралы істі тергеуге болысуы тиіс деп санайды. АҚШ-та тұрған, The Washington Post басылымына мақалалар жазған Хашогги соңғы жылдары Сауд Арабиясы билігінің саясатын сынап жүрген. Түркия мен АҚШ арнайы қызметтері журналисті өлтіруге Сауд Арабиясы жоғары билігі өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деп санайды. Эр-Рияд бұл айыптауды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG