Accessibility links

Жайық өзенін өлі балықтардан тазарта бастады


Жайық өзенінен ауланған балықтар. 11 қараша 2017 жыл.

Атырауда Жайық өзенін өлі балықтардан тазарту жұмыстары басталды деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.

“Оған “Спецавтобаза” компаниясының қызметкерлері, орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау бойынша облыстық инспекция, балық шаруашылығы басқармасы мамандары тартылған. Тазарту жұмыстары Жайық өзенінің жағасы мен қала аумағында, Геолог, Дамба елді мекендерінде жүреді. Бұған қоса “Амангелді” ЖШС балық аулау кооперативіне тиесілі кеме өзен бетіндегі мұздарды жарады. Одан әрі қарай табиғатты пайдалану кәсіпорындары көліктерінің көмегімен өзеннен балықтар жиналады” деді Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының жетекшісі Артур Сәдібекұлы.

Оның айтуынша, жиналған өлі балықтарды жоюмен “Спецавтобаза” мамандары айналысады. Аймақтың балық қорына қанша зиян келгені анықталады.

Жайық өзенінде балық жаппай қырылып жатқаны туралы былтыр желтоқсан айында айтыла бастаған. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі Жайықтан 10 тоннаға жуық өлі балық табылғанын мәлімдеген.

Өлі балықтың бір бөлігі сол кезде жиналған. Өзен беті қатып қалғандықтан қалған бөлігін жинау мүмкін болмаған еді.

Соңғы кезде еріп жатқан Жайық өзенінен өлі балықтар шыға бастағаны туралы әлеуметтік желіде видеолар да жариялана бастаған.

Атыраулық "Ақжайық" басылымы жариялаған видео (4 наурыз 2019 жыл).

Балықтар жаппай қырылған соң Атырау облысының тұрғындары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдері атына және денсаулық сақтау министрінің атына петиция жолдаған.

Оқиғаға байланысты екі қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG