Accessibility links

Швецияда "теракт жасамақ болды" деп айыпталған өзбек азаматын жеті жылға соттады


Давид Идриссон.
Давид Идриссон.

Швеция соты "Ислам мемлекеті" террористік тобының атынан "Швецияда теракт жасамақ болды" деп айыпталған 46 жастағы Давид Идриссонды (бұрынғы аты-жөні Фархат Ташмұхамедов - ред.) жеті жылға соттады.

Швецияның құқыққорғау органдарына сілтеме жасаған Fria Tider басылымының жазуынша, полиция Идриссоннан жарылғыш зат жасауда қолданылуы мүмкін қауіпті химиялық заттар тәркілеген.

Ол жазасын өтеген соң Швециядан депортацияланады.

Өзбекстан азаматы Давид Идриссон (Фархат Ташмұхамедов) 2008 жылы Швецияға қоныс аударған соң аты-жөнін өзгерткен. Босқын ретінде тұруға ықтиярхат алған.

Швециядағы "өзбектер ісі" бойынша сот 2019 жылы 7 қаңтарда басталған. Айыпталушылардың бесеуі - этникалық өзбек, біреуі - этникалық қырғыз. Оларға "Ислам мемлекеті" террористік тобының атынан елде теракт жасамақ болды деген айып тағылған.

"Айыпталушылардың үшеуі ірі көлемде химиялық зат және өзге де құрылғылар сақтаған. Оларды адамдарды өлтіру және жаралау мақсатында пайдаланбақ болған. Егер теракт болғанда, Швеция қатты зардап шегер еді" делінген Швеция прокуратурасының мәлімдемесінде.

Айыпталушылардың барлығы кінәларын мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG