Accessibility links

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан екі адам мерт болды


Қырғыз-тәжік шекарасының маңы. Баткен аймағы, 14 наурыз 2019 жыл.
Қырғыз-тәжік шекарасының маңы. Баткен аймағы, 14 наурыз 2019 жыл.

Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасының маңында қырғыздар мен тәжіктер арасында болған қақтығыстан екі адам қаза тауып, бірнеше адам жарақаттанған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз және Тәжік қызметі хабарлады.

Тәжікстан ішкі істер министрлігі Азаттықтың Тәжік қызметіне 14 наурызда Ворух анклавының 37 жастағы тұрғыны оқ тиіп, мерт болғанын, тағы екі тәжік азаматы ауруханаға түскенін мәлімдеген.

13 наурызда тәжік шекарашылары Ворух анклавының 43 жастағы тұрғыны қаза тапқанын, 11 адам оқ атылғандықтан жараланғанын хабарлаған. Ал Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі 13 наурызда Ақ-сай ауылының бір тұрғыны ауруханаға түскенін айтқан.

Қырғызстан шекара қызметінің хабарлауынша, 13 наурызда түстен кейін Қырғызстанның Баткен облысы Ақ-сай ауылының тұрғындары мен Вотух тәжік анклавына қарасты Мехнатабад ауылының тұрғындары шекара маңында қақтығысып қалған. Ворух тәжік анклавы тұрғындары Ақ-Сай - Тамдык жолының салынуына қарсылық танытқан.

14 наурызда Қырғызстан президенті Сооронбой Жээнбеков пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон телефон арқылы сөйлесіп, қақтығыстың шығу себебін анықтау үшін арнайы комиссия құруға келіскен.

Өткен аптада Қырғызстан Ворух анклавының маңынан өтетін Ақ-Сай - Тамдык жолының құрылысы қайта бастаған. Тәжікстан бұл жол шекараның даулы тұсынан өтеді деп, құрылысына қарсы болып келген. Душанбе бұл жолдың нақты өтетін тұсын анықтау үшін Бішкекті келіссөз жүргізуге шақырған.

Дау тудырған жол.
Дау тудырған жол.

Шекара маңындағы қақтығыстан кейін Қырғызстан тарабы жол құрылысын қайта тоқтатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG