Accessibility links

Венесуэла: Гуайдо ел аймақтарына сапарын бастады


Венесуэла оппозициясының жетекшісі Хуан Гуайдо.
Венесуэла оппозициясының жетекшісі Хуан Гуайдо.

АҚШ және өзге де бірқатар ел "заңды президент" деп таныған Венесуэла парламентінің жетекшісі Хуан Гуайдо ел аймақтарына сапарын бастады. Валенсия қаласында жиналғандар алдында сөйлеген Гуайдо қазіргі билікпен күрестің "жаңа кезеңі" туралы мәлімдеп, оны "Еркіндік операциясы" деп атады. Гуайдоның сапары Каракастағы жаппай наразылық шарасымен аяқталады деп хабарланып отыр. Мұнда оппозиция жетекшісі Мадуродан "билікті халыққа қайтаруын", президент сарайын босатуды талап етпек.

Мадуро жақтастары оппозицияның "билікті құлатам" деген жоспары жүзеге аспады деп санайды. Парламент жетекшісі өзін екі ай бұрын елдің уақытша президентімін деп жариялаған. Алайда содан бері шынайы билікке қол жеткізе алмаған. Қазіргі билік Ресей, Куба, Қытай қолдайтын Николас Мадуро қолында қалған.

Өткен аптада елдегі бірнеше электр станциясында апат болып, Венесуэланың басым бөлігі жарықсыз қалған. Билік оқиғаны "АҚШ-тың ұйымдастырған зымиян әрекеті" деп атады. Ал оппозиция оқиғаның ескі инфрақұрылым кесірінен болғанын айтып, биліктің қамсыздығын сынаған.

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков 17 наурызда келесі аптада Римде АҚШ-тың Венесуэладағы арнайы өкілі Эллиот Абрамсонмен кездесетінін хабарлады. Кездесу сейсенбі, 19 наурызға белгіленген.

Николас Мадуро Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарады. Ол бұрынғы басшы Уго Чавестің өлімінен кейін сайлауда жеңіске жеткен. Мадуроны құқық қорғаушылар демократиялық құндылықтарды ескермей, адам құқықтарын бұзып отыр деп сынайды.

Венесуэла қазір ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Мұнайға бай елдің тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмектен тапшылық көріп отыр. 2018 жылы инфляция деңгейі бір миллион пайыздан асқан. Дағдарыс салдарынан Венесуэладан үш миллион адам көшіп кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG