Accessibility links

ЖСДП билікті авторитаризмге жол бермеуге шақырды


Ақорда. Көрнекі сурет. Астана, 5 наурыз, 2019 жыл.
Ақорда. Көрнекі сурет. Астана, 5 наурыз, 2019 жыл.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мерзімінен бұрын өкілетін тоқтату туралы шешіміне байланысты мәлімдеме жариялап, шешімді дұрыс деп санайтынын жеткізді.

Партия өкілдері авторитаризмге негізделген биліктің елді дағдарыстан құтқара алмайтынын айтып, Қазақстанға таза, ашық президент және парламент сайлауы қажеттігін айтқан.

«Бүгін еліміз өз тарихында түбегейлі жаңаруға, ерекше мүмкіндіктерге ие болуына шешуші кезең туындап отыр. Сондықтан біз Нұрсұлтан Назарбаевқа қандай да бір саяси азғырулардан сақ болып, халықтың шыдамдылығының шегіне жетпей, өзінің қуыршақ ізбасарын ұсынбай жеке жауапкершілігін түсініп, дұрыс шешім қабылдауға шақырамыз» делінген мәлімдемеде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кететіні туралы шешіміне байланысты наурыздың 19-ынан бері түрлі саяси күштер мен қозғалыс өкілдері пікірлерін білдіріп келеді.

Назарбаев билігінен оппозицияға өтіп, кейінгі 20 жылда шетелде тұрып жатқан Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдин "ендігіде Нұрсұлтан Назарбаевтың бір әулет, бір адам билеген дәуірін тарих қойнауына жіберу керек. Оған нүкте қойып, билікті халыққа қайтару керек" деп айтқан.

Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы "Назарбаев өзін қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде тағайындап, билікте қалуға тырысқанмен оның режимі әлсіреді" деп жазған.

Қазақстанда ресми түрде алты саяси партия тіркелген: тұңғыш президент басқаратын "Нұр Отан", билікке қарайтын "Ақ жол" мен Коммунистік халық партиясы, "Бірлік", "Ауыл" және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG