Сәрсенбі, 20 наурыз Пекинде өткен баспасөз мәслихатында Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілі Гэн Шуан Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін тоқтатыны туралы шешіміне байланысты пікір білдірді.
“Қытай Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кету туралы шешімін түсінеді және Қытай мен Қазақстан арасында екіжақты қарым-қатынас пен әріптестіктің зор болашағына сенім білдіреді” деді министрліктің өкілі Гэн Шуан.
Ол Қазақстанның сайланбаған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Қытай халқының жақсы досы” деп атаған.
“Екіжақты қатынас өте мықты импульс барын көрсетеді. "Бір белбеу - бір жол" бастамасы аясында Қытай-Қазақстан әріптестігі жемісті нәтиже берді” деді министрлік өкілі.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті 19 наурызда АҚШ-тың Қазақстанмен "тұрақты" байланысы Назарбаев отставкасынан кейін де жалғаса береді деп мәлімдеген еді. Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини Назарбаевтың "реформа жүргізу" және "аймақтық, әлемдік деңгейде бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікке ерекше бағытталған әріптестікті дамытудағы маңызды рөлін" жоғары атап өткен.
ПІКІРЛЕР