Accessibility links

Тоқаев пен Мирзияев телефон арқылы сөйлесті


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

20 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Өзбекстан президентінің ресми сайты хабарлады.

Мирзияев сөз басында Тоқаевты президент қызметіне кіріскенімен құттықтап, табыс тілеген және "бұл Қазақстан халқы мен тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа президентке сенім артатынын көрсетті" деген.

Бұдан соң екі ел басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық, татулықтың тарихи мәніне баға беріп, Астана мен Ташкенттің алдағы қарым-қатынасын талқылады. Тоқаев пен Мирзияев аумақтық және халықаралық мәселелерге де тоқталды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Мирзияевке алғыс айтып, қарым-қатынасты жоғары деңгейде жалғастыра беруге дайын екенін жеткізді. Бұдан соң екі ел президенттері бір-бірін наурыз мейрамымен құттықтады.

19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеген еді. Назарбаев келесі сайлау өткенше Тоқаев Қазақстан президенті болатынын айтқан. 20 наурызда Тоқаев ант беріп, президент қызметіне кірісті және Астана атауын "Нұрсұлтан" деп өзгертуді ұсынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG