Accessibility links

Литвада СССР-дің бұрынғы қорғаныс министрі 10 жылға сырттай сотталды


СССР қорғаныс экс-министрі Дмитрий Язов пен Ресей президенті Владимир Путин. Мұрағат.
СССР қорғаныс экс-министрі Дмитрий Язов пен Ресей президенті Владимир Путин. Мұрағат.

Вильнюс соты СССР-дің бұрынғы қорғаныс министрі Дмитрий Язовты 10 жылға сырттай соттады. Сот оны 1991 жылы 13 қаңтардағы оқиға кезінде әскери және адамзатқа қарсы қылмыстарға кінәлі деп таныған. Бұл туралы Delfi хабарлады.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) бұрынғы офицері Михаил Головатов 12 жылға сотталған. "Совет агрессиясын іске асырды" деген айып Ресей, Беларусь және Украинаның 67 азаматына тағылған. Азаматтардың көбі сырттай сотталған.

Литва бас прокурорының айыптау актісі бойынша, 94 жастағы Дмитрий Язов Литваның мемлекеттік және стратегиялық нысандарын басып алып, елді СССР құрамына қайтару үшін әскерилер мен саясаткерлерден тұратын топ құрған.

Қарай отырыңыз: Вильнюс. 25 жылдан соң.

1991 жылы 13 қаңтарда совет әскерилері мен күштік құрылымдардың арнайы бөлімдері Вильнюс телемұнарасы мен Литва радиосының ғимаратын басып алған. Бұл жағдай республика СССР-ден тәуелсіздігін қайта қалпына келтіргенін мәлімдеген соң бір жылдан кейін болған. Вильнюстегі оқиға кезінде 14 адам қаза тауып, мыңнан аса қарусыз адам жапа шеккен.

Дмитрий Язов 1987 жылдан бастап СССР қорғаныс министрі болған. 1990 жылы ол Совет одағы мен Ресейде маршал атағы берілген соңғы адам болды. 1991 жылы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетке (ГКЧП) қосылған ол кейін қамауға алынып, артынша қызметінен босатылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG