Accessibility links

Қарағанды: Атасуда селден сескенген адамдар туыстарын паналады


Тұрғындардың өзі салған бөгет. Қарағанды облысы Атасу бекеті, 27 наурыз 2019 жыл. (Суретті жергілікті тұрғын Өміржан Қанафин жіберді.)
Тұрғындардың өзі салған бөгет. Қарағанды облысы Атасу бекеті, 27 наурыз 2019 жыл. (Суретті жергілікті тұрғын Өміржан Қанафин жіберді.)

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы аумағындағы елді мекендердің тұрғындары селден қауіптеніп туыстарының үйін паналап жүр. 27 наурыздан бері Атасу теміржол станциясына қатынайтын жолды су басқан. Ауыл тұрғындары теміржол станциясына бару үшін қайықпен немесе атпен қатынауға мәжбүр.

Азаттыққа хабарласқан тұрғындар суды өздері бөгеуге тырысып жатқанын айтқан. Ауыл тұрғындары "құм толтырған қаптардан бөгет жасап қойдық" дегенімен жауын-шашыннан қауіптеніп отыр.

Азаттық тілшісі сөйлескен кейбір тұрғындар ауыл көшелеріндегі судың әлі кетпей жатқанын айтады. "Кішкентай төрт баламмен үйімнен көшіп кетуге мәжбүр болдым. Төтенше жағдай қызметкерлері әкелген қайық өшіп қалып, оны атқа жегіп өтуге мәжбүр болдық. Бүгін кешке (28 наурызда) пойызбен туыстарымыздың үйіне кетеміз. Көршілеріміз де бекетке ертерек жетіп, пойызбен кетіп қалды. Судың кетуін күтеміз. Үйде қалған дүние-мүлікке алаңдап отырмыз" дейді Атасу тұрғыны Жазира Жақыпбекова.

Тағы бір тұрғын Күміс Дүйсенбекова Азаттық тілшісіне өзен жағасына жақын тұратындардың қатты алаңдап отырғанын айтады. "Қазір жауын-шашын басталды. Алаңдап отырмыз. Үй іргесіндегі өзеннің ағысы күшейді. 27 наурызда түнде көшедегі суды үйге жетпей бұрып жібердік. Көшедегі су шамамен тізеден келеді" деген Дүйсенбекова төтенше жағдай қызметінің жұмысына шағынған.

Осы оқиғаға орай Қарағанды облысы төтенше жағдай департаменті 28 наурызда хабар таратты. Департамент өздерінің суды тоқтататын бөгетті нығайтып жатқанын хабарлаған. Су әуелгі деңгейден 20 сантиметрге дейін түскен.

Қарағанды облысы әкімдігінің хабарлауынша, Жаңаарқа ауданындағы сегіз үйді су басу қаупі төнген Орынбай ауылының маңына да қап қойып, малды қауіпсіз жерге көшіруге тура келген. Ресми дерек бойынша, ондағы су деңгейі 15 сантиметрге түскен. Билік тасқынның алдын алу жұмыстары "тәулік бойы жүріп жатыр" деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG