Accessibility links

Құқық қорғау ұйымдары биліктен Азаттық тілшілеріне жасалған кедергінің тергелуін сұрады


Азаттықтың түсірілім тобына кедергі жасап тұрған адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

Қазақстанда жұмыс істейтін тоғыз мемлекеттік емес ұйым "журналистерге жасалып жатқан заңсыздықты доғаруды" сұрап билікке хат жазды. Бұл туралы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы хабарлады.

Құқық қорғаушылар хаттың жазылуына "азаматтардың пікір білдіру еркіндігі мен журналистердің кәсіби қызметін атқару құқығының соңғы кезде жиі бұзылуы себеп" екенін айтады. Олар хатты бірнеше билік өкіліне - Қазақстан президентіне, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы мен ақпарат және қоғамдық даму министріне, бас прокурор мен ішкі істер министріне жолдаған.

Ұйымдар "билік журналистерге кедергі келтіру жағдайын тергеп, тілші жұмысына тосқауыл болғандар жазалануы керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі заңсыздыққа тап болған тілшілерге жария қолдау білдіруі тиіс" дейді.

Хатқа қол қойғандар арасында "Әділ сөз", "Либерти", "Адам құқықтары хартиясы" сияқты бірнеше құқық қорғау ұйымы мен Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро бар.

Ұйымдар әлгі хатта 22 наурызда астанадағы "Шапағат" базары алдында азаматтарды полицияның ұстап жатқан сәтінен хабар таратып жүрген тілшілерге әлдебір азаматтардың кедергі келтіргенін, "Настоящее время" журналисі Светлана Глушкованың ұсталғаны жазған.

Глушковаға әуелде "бұзақылық" айыбы тағылған. Кейін тағылған айып "ұрып-соғу" болып өзгерді.

Тап осындай кедергі сол күні Алматыдағы журналистерге де жасалған. Хатта "екі қалада да журналистер сонда жүрген полицейлерге азаматтардың үстінен шағынғанымен, олардың ешбір шара қабылдамағанын" айтылады.

ВИДЕО: Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы. 22 наурыз 2019 жыл.

Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

​Сол күні, 22 наурызда, Азаттық радиосы Қазақ қызметі Алматы бюросының бас редакторы Қуанышбек Қариді "шұғыл түрде" Алматы қалалық әкімдігіне шақыртқан. Қала билігі және прокуратура өкілдері Азаттық радиосын "саяси оқиғаларды біржақты таратып жатыр" және "араздықты қоздырды" деп айыптаған.

Хатта бір ай ішінде полиция бірнеше рет ұстаған Азаттық тілшісі Сәния Тойкен жайлы жазылған. 12 наурызда Жаңаөзендегі жұмыссыздар наразылығынан хабар таратып жүрген Тойкенді қалалық соты "полицияға бағынбады" деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге, не 133 АҚШ доллар шамасында - ред.) көлемінде айыппұл салған.

Сондай-ақ ұйымдар биліктің басқа да Азаттық тілшілеріне – Жаңагүл Жүрсін, Өркен Жоямерген, Ержан Әмірханов, Санат Нұрбековтің қызметіне кедергі келтіргенін жазады.

Хатта "қызметім мен азаматтық белсенділігіме байланысты шабуыл жасалды" деген ақтөбелік "Жұлдыз" газетінің бас редакторы Шара Тұрмағанбектова да аталады. Полиция ол туралы "[журналистің өзі] үйінің алдында абайсызда құлап қалған" деп хабарлама таратқан.

Ұйымдар тілшілер қызметі кедергі жасау елдің демократиялық дамуына кері әсер етеді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG