Accessibility links

Ресейде сайлау учаскелері болмағандықтан екі облыс тұрғындары Нұр-Сұлтанда дауыс береді


Украина елшілігіндегі сайлау учаскесі. Нұр-Сұлтан, 31 наурыз 2019 жыл.
Украина елшілігіндегі сайлау учаскесі. Нұр-Сұлтан, 31 наурыз 2019 жыл.

Бүгін, 31 наурыз Украинада президент сайлауы басталды. Нұр-Сұлтандағы Украина елшілігіндегі сайлау учаскесіне таңғы сағат 8-ден бері украин азаматтары келіп, дауыс беріп жатыр. Түскі сағат 11-ге дейін 33 адам дауыс берген. Бұл - Қазақстан бойынша жұмыс істеп жатқан жалғыз сайлау учаскесі. Бүгін ол жаққа келген азаматтар арасында Алматы, Семей, Петропавлдан келгендер болған.

Сайлау учаскесінің төрағасы Виталий Локтев Азаттық тілшісіне Ресейде сайлау учаскелері болмағандықтан Новосібір және Свердлов облысынан келгендер де осында дауыс береді деп айтқан.

"Ресей аумағында сайлау учаскесі болмағандықтан ондағы Новосібір және Свердлов облысы да біздің учаскеге қосылған" деді Виталий Локтев 31 наурызда.

Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскесінің төрағасы Виталий Локтев. Нұр-Сұлтан, 31 наурыз 2019 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскесінің төрағасы Виталий Локтев. Нұр-Сұлтан, 31 наурыз 2019 жыл.

Оның айтуынша, дауыс беруге құқығы бар Қазақстан бойынша - мыңнан астам адам, ал Ресей бойынша үш мыңнан астам адам тіркелген.

Бұған дейін Киев Ресейде сайлау учаскелері болмайтынын хабарлаған.

Ресей 2014 жылы Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін екі ел арасындағы жағдай күрт нашарлаған. Сол жылы сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Бірақ Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, ол әлі күнге толық орындалмай келеді.

Украинадағы президент сайлауына түсетін жалпы кандидаттар саны – 39. Олардың арасында шоумен Владимир Зеленский, қазіргі президент Петр Порошенко мен оппозициялық "Батькивщина" партиясының лидері Юлия Тимошенко бар. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы негізгі тартыс осы үш кандидат арасында болатынын көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG