Accessibility links

Тәжікстан билігі кәмелет жасына толмаған 2,5 мың қызға тұрмысқа шығуға рұқсат берген


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

2018 жылы Тәжікстан соттары кәмелет жасына толмаған 2,5 мың қызға тұрмысқа шығуға рұқсат берген. "Бұл – былтыр күн сайын 18 жасқа толмаған 6-7 қыз отбасын құрды деген сөз" деп жазады Азаттықтың тәжік қызметі.

Бұл деректі Тәжістан Жоғарғы сотының дерегін негізге алып омбудсмен кеңсесі жариялаған.

Заң бойынша, некеде тұруға 18 жастан рұқсат беріледі. 2010 жылға дейін неке жасы 17 болып келген. Бірақ тоғыз жыл бұрын билік отбасы кодексіне өзгеріс енгізіп, неке жасын бір жылға ұзартқан. Душанбе сол кезде "бұл өзгеріс қыздар құқығын қорғауды, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алып, қыз балалардың білім алуына жағдай жасауды көздейтінін" айтқан.

Бұл өзгеріске қарамастан, заң бойынша, ата-аналар ауыр дертті болса, не ерте жүктілік жағдайында сот шешімімен тұрмысқа 17 жастан бастап шығуға рұқсат беріледі.

Тәжік қызметі атының құпия қалғанын қалаған судьяның сөзін келтіреді. Оның айтуынша, заңдағы осы рұқсатты пайдалану үшін түрлі әрекетке баратын ата-ана көп.

"9 сыныптан соң қыз баланы мектеп жібермей, тұрмысқа шығуға дайындайды. Қаржылық жағдайының қиын екенін не қызына бас-көз бола алмайтынын айтып, соттан некеге рұқсат беруін сұрайды" дейді ол.

Тәжікстан құқық қорғау органдарының дерегінше, былтыр кәмелетке толмаған қыздармен тұрмыс құрудың 29 жағдайы тіркелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG