Accessibility links

Украинадағы сайлау: Зеленский Порошенкодан шамамен екі есе алда келеді


Владимир Зеленский, Петр Порошенко, Юлия Тимошенко.
Владимир Зеленский, Петр Порошенко, Юлия Тимошенко.

Украина орталық сайлау комиссиясы 31 наурызда өткен президент сайлауында берілген дауыстардың 97 пайызынан астамын қарап шығып, қорытындысын жариялады.

Шоумен Владимир Зеленскийге сайлауға қатысқандардың - 30,22 пайызы, қазіргі президент Петр Порошенкоға - 15,93 пайызы, оппозициялық "Батькивщины" партиясының лидері Юлия Тимошенкоға 13,40 пайызы дауыс берген.

Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықары бюросы және Еуропа кеңесінің миссиясы Украинадағы президент сайлауы еркін өткенін айтып, қатысқан саясаткерлер оның қорытындысын мойындайтынына үміт қылды.

1 сәуірде Киевте өткен баспасөз конференциясында миссия өкілдері сайлау "оңай кезде өткізілмегенін" айтып, сайлауды "жоғары деңгейде" ұйымдастыруға атсалысқан украиналықтарды мақтады. "Опора" ұйымы мен Украина сайлаушылар комитеті сайлаудың бірінші турында "аса бір үлкен" заңбұзушылықтар болмағанын, болғандары сайлау қорытындысына әсер етпегенін айтты.

Бірақ оппозициялық кандидат Юлия Тимошенко штабы сайлау нәтижесімен келіспейді. 1 сәуірде жасаған мәлімдесінде штаб өкілі Сергей Соболев Украина орталық сайлау комиссиясын сайлаушылардың Тимошенкоға берген дауысын елдің қазіргі президенті әрі президенттікке кандидат Петр Порошенконың пайдасына бұрмалады деп айыптады.

39 кандидаттың арасынан өзгелерден көп дауыс алған 41 жастағы шоумен Владимир Зеленский мен қазіргі президент Петр Порошенко сайлаудың екінші турына өткен.

Сайлау нәтижелері 10 сәуірге дейін жарияланады. Кандидаттың ешбірі бірінші турда 50 пайыздан көп дауыс жинай алмаса, 21 сәуірге жоспарланған екінші тур өтеді. Сайлауды ақырғы нәтижесі 1 мамырға дейін белгілі болады.

Украина президенті бес жылға сайланады.

Елдің орталық сайлау комиссиясы 17 ел және 19 халықаралық ұйымнан келген шамамен 2400 халықаралық бақылаушыны тіркеген. Бірақ олардың арасында Ресей азаматтары жоқ. Жоғарғы рада бұған дейін Ресейді "агрессор мемлекет" ретінде танып, сайлауды бақылау мүмкіндігінен айырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG