Accessibility links

Журналист Глушкованы ұстаған полицейлер хаттамасын сот "заңды" деп таныды


31 наурызда Нұр-Сұлтан әуежайында журналист Светлана Глушкованы тоқтатып, хаттама толтырған инспектор Құдайберген Аринов пен Сарыарқа аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Жұмағалиев (оң жақта).

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында "Настоящее время" арнасының журналисі Светлана Глушкованың "полиция хаттаманы дұрыс толтырмады" деп түсірген шағымы бойынша сот отырысы өтті.

"Ұрып-соғу" бабымен айыпталған Светлана Глушкова өзін әуежайда ұстаған полицейлер толтырған 31 наурыздағы әкімшілік хаттама "қате және заңсыз" деп түсірген шағымы бойынша өткен сотта судья Ұлдана Сүлейменова төрағалық етті.

Сот отырысында алдымен журналисті әуежайда тоқтатып, хаттама толтырған инспектор Құдайберген Аринов сұралды.

Адвокат Азанов полицейден хаттама көшірмесін алмағанын айтты. Мұны инспектор жоққа шығарып, "көшірмесін бердім" деді.

Судьяның инспекторға қарата қойған "хаттама берілді ме?" деген сұрағына Аринов кейіннен "Өздері сұрамаған соң, [хаттаманы] берген жоқпын" деп жауап берді.

Мұнан соң Сарыарқа аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қанат Жұмағалиев сұралды.

Судья Сүлейменова Жұмағалиевтан "Глушкованы әуежайда ұстаудың қандай қажеттігі болды?" деп сұраған. Басқарма өкілі "Бұған Глушкованың іздеуде болғаны себеп" деді. Кейін судья әуежайда полицияның журналисті тоқтатып, хаттама толтырған видеосын көрді де, кеңесу бөлмесіне кетті.

Үзілістен келген судья "Түнде толтырылған хаттама ұрып-соғу бабы бойынша қозғалған өндірістегі істің негізгі дәлелі әрі процессуалдық заңбұзушылықтар кейін жойылғандықтан Глушкованың шағымы қанағаттандырылмайды" деді.

Сот қаулысына 10 күн ішінде шағым түсіруге болады.

Сот отырысынан соң сұхбат берген адвокат Бауыржан Азанов "Сот бізді тыңдаған жоқ. Біз сот шешімінің үстінен шағым түсіреміз" деді.

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында ісі қарала бастаған журналист Глушкова 1 сәуірде - судья Әсия Досжановаға, ертеңіне, 2 сәуірде прокурор Бақытжан Байғозиевке сенімсіздік білдіріп, бас тартқанымен, әкімшілік сот төрағасы Уәлихан Рахматуллаев оның шағымдарын қанағаттандырған жоқ.

"Настоящее время" (Азаттық пен "Америка дауысы" радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.

Оқи отырыңыз: Наурыз мерекесі адамдарды ұстаумен басталды. Арасында тілші де бар

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атаған.

  • 16x9 Image

    Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ

    2004 жылы Павлодар мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. "КТК-7"  телеарнасында тілші  (2003-2005), "Қазақстан-Павлодар" облыстық телеарнасында редактор, шеф-редактор (2005-2013), "Астана" телеарнасы Павлодар облысындағы меншікті тілшісі (2013-2019) болып жұмыс істеген. 2019 жылдан бері Азаттықтың Нұр-Сұлтан қаласындағы тілшісі.  

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG