Accessibility links

Тоқаев Назарбаевты "əлем тарихындағы аса көрнекті реформатор" деп сипаттады


Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамы шарасына келген сәт. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.
Назарбаев пен Тоқаев Наурыз мейрамы шарасына келген сәт. Астана, 21 наурыз 2019 жыл.

20 наурызда ант беріп, президент атанған Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік Egemen Qazaqstan және Aiqyn газеттеріне сұхбат берді. Сұхбатты басылымдар 2 сәуірде жариялады.

Сұхбатта Тоқаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін жиі айтады. Egemen Qazaqstan жариялаған сұхбатта Тоқаевтың жеке суреті жоқ - екі суреттің бірінде - Тоқаев пен Назарбаев қол алысып, екіншісінде екеуі жымия әңгімелесіп тұр. Aiqyn газетінің сайтында да Тоқаевтың Назарбаевпен бірге түскен суреттері ғана жарияланған.

Сұхбатта Тоқаев Назарбаев пен оның саясатын мадақтайды. Назарбаевты "қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы ұлы тұлға", "əлемдік тарихтағы аса көрнекті реформатор" деп сипаттап, "тəуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты" дейді.

Тоқаев "Назарбаев тəуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді" деп,өзінің де "президент ретіндегі негізгі ұстанымы мен өмірлік көзқарасы осы бағыттан ауытқымайтынын" айтады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған.

Бұл туралы Тоқаев "Нұрсұлтан Назарбаевтың дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты" дейді.

Оның сөзінше, осы арқылы Қазақстан "әлемге өркениетті ел екенін, жұрттың саяси мəдениеті жоғары екенін дəлелдеген".

Тоқаев "Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бəрі заң шеңберінде өтті. Жəне мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын жəне ешқандай "екіұдайылыққа" жол бермеймін" дейді.

Президент Қазақстанның "әлемдегі бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуы - Назарбаев саясатының жемісі" дейді. Оның сөзінше, шетелдік сарапшылар бұл реформаларды "Қазақстан жолы" немесе "Дамудың қазақстандық үлгісі" деп атайды.

Ол "президент ауысқанда үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес" деп санайды. Тоқаев сұхбатында "көп балалы аналардың жағдайы - əлеуметтік саланың барометрі" деп бұл бағытқа "бұрыннан басты назар аударылып келгенін" сөз етеді.

Президент "Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді" дейді.

Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайту керегін, латын əліпбиіне көшу кезеңкезеңімен жалғаса беретінін сөз етеді.

Оқи отырыңыз: Назарбаев билігінің көлеңкелі тұстары

1999 жылы 10 қаңтарда Қазақстанда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында совет кезінен бері билік басында отырған Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті.

Содан бері ол осы қызметке бірнеше мәрте сайланды. 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан бері үздіксіз басқарып келген.

Қарай отырыңыз: Назарбаев президенттіктен кетті, Тоқаев ант берді. Енді не болмақ?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG