Accessibility links

Алматы қалалық соты "жиһадшылар ісімен" сотталғандардың шағымын аудандық сотқа қайтарды


"Жиһадшылар ісі" бойынша апелляциялық шағымды қарауға келген Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы. Ортада тұрған алқа төрағасы – Нұрғазы Әбдіқанов (Алматы қалалық сотының төрағасы). 2 сәуір 2019 жыл.
"Жиһадшылар ісі" бойынша апелляциялық шағымды қарауға келген Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы. Ортада тұрған алқа төрағасы – Нұрғазы Әбдіқанов (Алматы қалалық сотының төрағасы). 2 сәуір 2019 жыл.

2 сәуірде Алматы қалалық сотында "жиһадшылар ісі" бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымымен сот отырысы өтті. 44 жастағы Алмат Жұмағұлов, 52 жастағы Кенжебек Әбішев пен 48 жастағы Оралбек Өміров өздерін "біржақты сот процесінің құрбаны" атап, істі "қолдан жасалған және астары бар" деп, үшеуіне кесілген айыптау үкімінің күшін жоюды сұрады. Сотталғандар өтінішке қарамастан отырысқа қатыстырылмады. Апелляциялық сотқа оларды қолдап ондаған белсенді келді.

Қалалық сот төрағасы судья Нұрғазы Әбдіқанов төрағалық еткен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымды Алмалы аудандық сотында қарауға жіберу туралы соңғы әрі шағым түсіруге келмейтін шешім қабылдады. Тап осы сот 2018 жылы желтоқсанда "жиһадшылар ісі" бойынша үкім шығарған және олардың адвокаты Гүлнара Жуаспаеваға істі тергеу кезінде "заң нормаларын бұзды" деп жеке қаулы шығарған.

Аудандық соттың апелляцияны қашан қарайтыны белгісіз.

21 желтоқсанда Алмалы аудандық соты Алмат Жұмағұловты "ұлтаралық араздықты қоздырды" және "терроризмді насихаттады" деп 8 жылға соттаған. Сот "терроризмге шақырды және оны насихаттады" деп айыпталған Кенжебек Әбішевке – 7 жыл, Оралбек Өміровке 8 жыл түрме жазасын кесті.

Айыпталғандардың ешбірі өзін кінәлі деп есептемейді. Қазақстандық кейбір құқық қорғаушылар мен сотталғандардың өзі бұл істің "саяси астары" бар деп санайды және "істің тергелуінде заңбұзушылықтар болғанын" айтқан.

Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Әбішев пен Жұмағұловты саяси тұтқындар қатарына қосқан.

Оқи отырыңыз: Саяси тұтқындар тізіміндегі ескі де жаңа есімдер

Қазақстан адвокаттар құқығын қорғау комиссиясы адвокат Гүлнара Жуаспаеваға қолдау білдірген. Комиссия "қылмыстық істе айыпталғандарды қорғағаны үшін соттау негізсіз" екенін айтып, іс материалдары бойынша адвокаттың "кінәлі екенін дәлелдейтін айғақтар жоқ" деген.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады және саяси сыни пікірін білдіргені үшін ешкімнің қудаланбайтынын айтқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG