Accessibility links

"Атажұрт еріктілерінің" Алматыдағы кеңсесі қайта ашылды


"Атажұрт еріктілері" ұйымының қайта ашылған кеңсесі. Алматы, 3 сәуір 2019 жыл.

Басшысы қамауға алынып, Алматыдағы кеңсесі жабылған тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымы бір айға жуық уақыттан кейін Алматыдағы жұмысын қайта бастағанын хабарлады.

- Сәуірдің 2-сі күні Алматы қалалық полиция департаменті кеңсеміздің кілтін қайтарып, жұмысымызды жалғастыруға рұқсат берді. 3 сәуірде кеңсемізге 20 шақты адам келді, - деді Ербол Дәулетбекұлы 3 сәуірде Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, алайда полиция тінту кезінде тәркілеп алған флешка, маңызды құжаттарды қайтармаған.

- Тәркіленген заттар арасында жеке азаматтардың арыз-шағымдары, кейбір азаматтардың төлқұжаттары да болған еді. Полиция оларды Нұр-Сұлтанға алып кетті, - деді Дәулетбекұлы. Оның айтуынша, ұйымның үш қалада кеңсесі бар: Алматы, Нұр-Сұлтан және Өскемен. Алматыдағы кеңсесі жабық болып тұрған кезде өзге екі қалада олар азаматтардың шағымын қабылдаған.

2019 жылы наурыз айының 10-ы күні түнде "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде жатқан жерінен полиция өкілдері ұстап, Нұр-Сұлтанға алып кеткен болатын. Кейін оның үстінен бір адамның "Ұлт араздықты қоздырды" деп арыз жазғанын, сол арыздың негізінде ұсталғаны хабарланған. 11 наурыз күні сот оны қамаудан босатып, үй қамаққа алған. Серікжан Біләштің үстінен қазір "ұлт араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі жүріп жатыр.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG