Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге сапарлап барды. 3 сәуірде "Внуково-2" әуежайында оны Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин мен министрліктің хаттама департаментінің басшысы Игорь Богдашев күтіп алды. Сапардың ресми сипатқа ие екендігі хабарланған.
Бұл - Тоқаевтың президент ретіндегі алғашқы шетел сапары.
Ақорданың хабарлауынша, бүгін президент Тоқаев Мәскеуде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездеседі.
Мәліметке қарағанда, екі президент кездесуінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты серіктестік мәселелері және аумақтық, халықаралық өзекті тақырыптар талқыланбақ. Қазақстан президентінің Ресей федералдық жиналысы федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен және осы елдің зиялы қауым өкілдерімен де кездесуі де жоспарланған.
Кремльдің баспасөз қызметі осы сапар жайлы хабарламасында "президенттер екі ел қатынасының негізгі тұстарын, Еуразия кеңістігінде интеграция процесін жүргізу жоспарын қарап, өңірдегі кейбір маңызды мәселелер талқылайды" деп жазды.
Мәскеуде жоғары білім алған, бұрын сенат төрағасы, премьер-министр және сыртқы істер министрі болған 65 жастағы Тоқаев 20 наурызда – елді 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін тоқтатқан соң уақытша президент болды.
Президент Тоқаев Ресейге сапары алдында Қазақстанның және Ресейдің бірнеше БАҚ-ына сұхбат берген.
ПІКІРЛЕР