Accessibility links

Ақтөбе соты жазасын өтеушінің шағымын қанағаттандырмады


Сотталушы Айдос Қосанов сотқа видеобайланыс арқылы жауап беріп тұр. Ақтөбе, 5 сәуір 2019 жыл.
Сотталушы Айдос Қосанов сотқа видеобайланыс арқылы жауап беріп тұр. Ақтөбе, 5 сәуір 2019 жыл.

5 сәуір күні Ақтөбе қалалық соты жазасын өтеуші Айдос Қосановтың шағымын қанағаттандырмады. Ол Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегі лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне шағымданған.

Терроризм айыбы тағылған Айдос Қосанов 2019 жылғы 23 ақпанға дейін Ақтөбе қаласындағы КА-168/2 мекемесінде жазасын өтеген. Қосановтың адвокаты Ербол Меңдібаевтың айтуынша, жазасын өтеушінің сотқа шағымдануына абақтыдағы дүкеннің жүйелі жұмыс істемегені себеп болған.

- 2018 жылғы қазан айында жеке кәсіпкер мен Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті арасындағы келісім-шарт мерзімі аяқталып, абақтыдағы дүкен уақытша жабылып қалады. Бұл туралы Айдос Қосанов департамент басшыларына да, прокуратураға да хабарлаған. Одан нәтиже шықпаған соң 2019 жылғы 18 ақпан күні Ақтөбе қалалық сотына шағым түсірген. Араға бес тәулік салып, 2019 жылғы 23 ақпан күні Қосанов өзінің тұрғылықты жері Атырау қаласындағы колонияға ауыстырылды, - дейді адвокат Ербол Меңдібаев.

Атырау облысының тумасы Айдос Қосанов қазір жазасын тұрғылықты жеріндегі УГ-157/9 мекемесінде өтеп жатыр. Ақтөбедегі сотқа аталмыш мекемеде отырып, видеобайланыс арқылы қатысты. Ақтөбе қалалық сотының судьясы Перизат Атыбаева тұтқынның шағымын жабық түрде қарады.

Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі 2018 жылғы қазан айында КА-168/2 мекемесіндегі дүкеннің жүйелі жұмыс істемегенін растады. Департамент мәліметінше, тендерден соң кәсіпкер жұмысын жүйеге келтіріп, жазасын өтеушілерге қайта қызмет көрсете бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG