Accessibility links

Ингушетияда "жер митингісіне" қатысқан 8 белсенді тергеу изоляторына қамалды


Ингушетия астанасы Магастағы наразылық. 26 наурыз 2019 жыл.

Ресей құрамындағы Қабарда-Балқар автономиялық республикасының астанасы Нальчикте сот 5 сәуірде сегіз ингуш белсендісін тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.

Олар - "билік өкілдеріне күш қолдану" және "тәртіпсіздіктерге шақыру" баптары бойынша қозғалған қылмыстық істе күдікті. Бұл ақпаратты қамалғандардың адвокатына сілтеме жасаған ресейлік "Медиазона" сайты хабарлады.

Ақпарат бойынша, қамалғандардың аты-жөндері: Ингушетия жастар ұйымы кеңесінің басшысы Багаудин Хаутиев, Або Добриев, Геланий Хамхоев, Магомед Хамхоев, Ибрагим Мужахоев, Адам Ажигов, Ваха Барахоев және Амир Осканов. Тағы бір күдікті Хаваж Зауровтың қамау мерзімін сот 72 сағатқа ұзартқан. Оларға әзірге ресми айып тағылмаған. Жоғарыда көрсетілген екі бап бойынша ең қатаң жаза мерзімі - 10 жылға бас бостандығынан айыру.

2019 жылы 26 наурызда Ингушетия астанасындағы орталық алаңға шыққан мыңдаған белсенді Шешенстанмен арадағы "жер мәселелерінің" әділ шешілмегеніне наразылық танытқан. Бұған қоса көрші аймақпен шекараны анықтау мәселелер бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуге тыйым салынуына да қарсылық білдірген.

3 сәуірде полиция "жер митингілеріне" қатысқан белсенділердің үйін тінтіген.

1991 жылы Шешен-Ингуш АССР-і таратылғалы екі аймақ арасындағы шекара нақты белгіленбеген болатын. 2018 жылы екі ел билігі өзара жасасқан келісімде өзара жер алмасу туралы баптар бар.

Ингушетияда тұрғындар Шешенстанмен жер алмасу әділ емес, бұл құжат Ингушетияның мүддесіне нұқсан келтіреді деп бұған дейін де қарсылық танытқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG