Accessibility links

Сенат спикерінің көмекшісі: Дариға Назарбаева сайлауға түспейді


Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева.

Қазақстан сенатының спикері Дариға Назарбаева 9 маусымда өтетін президент сайлауына қатыспайды. Бұл туралы Tengrinews.kz сайтына Назарбаеваның көмекшісі Сәуле Мұстафаева айтты.

Мұстафаева Tengrinews.kz сайтына "Дариға Нұрсұлтанқызы 9 маусымдағы сайлауға түспейді" деген.

Артынша Zakon.kz ақпарат агенттігі Назарбаеваның "сайлауға Конституция мен заңдарға сай кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ал сайлауға түсетін кандидаттарды саяси партиялар анықтайды" деген сөзін жариялады.

Zakon.kz сайтының жазуынша, Назарбаева "Нұр Отан" партиясы тарапынан ұсыныс жасалса, оны қабылдайтынын, я қабылдамайтынын айтпаған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін жариялады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялаған. Ол мәлімдемесінде сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, қызметіне кіріскен.​ Тоқаевтың орнына Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаев сенат спикері болып тағайындалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG