Accessibility links

Коммунистік партия сайлауға түсетін кандидатты 26 сәуірде жариялайды


Қазақстан Коммунистік халық партиясының съезді.
Қазақстан Коммунистік халық партиясының съезді.

Қазақстан Коммунистік халық партиясы кезектен тыс өтетін президент сайлауына кандидаттың есімін 26 сәуірде жариялайды. Бұл туралы партияның 9 сәуірде Нұр-Сұлтанда өткен кезектен тыс жиынында айтылды.

"Партияның орталық комитеті саяси бюросы кезектен тыс съезд өткізу туралы шешім шығарды. Съезд 26 сәуірде Нұр-сұлтан қаласында өтеді. Сайлауға кандидат ұсыну мәселесі талқыланады. Коммунистік халық партиясы сайлауға міндетті түрде қатысады. Партия мүшелерінің ішінен нағыз лайық адам кандидат болады" деді партия лидері Айқын Қоңыров.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде республикалық арналар эфирінен жасаған мәлімдемесінде Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін жариялады.

Тоқаев шешім қабылдарда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқанын, билік тармақтары басшыларымен және парламенттегі саяси партия төрағаларымен кездескенін айтты. Айтуынша, президент Конституциялық кеңеске де жүгінген.

Президент өкілетін алғанына әлі бір ай толмаған Қасым-Жомарт Тоқаев "Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін" дейді. "Әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет" деген президент Тоқаев сайлаудың "ашық әрі әділ өтетінін" айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG