Accessibility links

Жақындары Ассанжды - Австралияға, депутаттар Швецияға беруді сұрайды


Полиция көлігінде кетіп бара жатқан Джулиан Ассанж. Лондон, 11 сәуір 2019 жыл.

Ұлыбританияда ұсталып, АҚШ-қа экстрадициялануы бойынша сот шешімін күтіп отырған WikiLeaks жобасының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың әкесі Австралия билігін ұлының тағдырына араласып, оны сол жаққа қайтаруды сұрады. Джон Шиптонның пікірінше, бұл барлық тарап үшін оңтайлы шешім болмақ.

Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон бұған дейін Австралия азаматы Ассанжға консулдық кеңес берілетінін айтып, бірақ биліктің оның ісіне араласпайтынын жеткізген.

Бірқатар журналистік қауым өкілдері АҚШ-қа экстрадицияланған жағдайда Ассанждың қатаң жазаға ұшырауы мүмкін екенін айтып, жағдайға алаңдаған. Британ парламентінің ондаған депутаты билікті Ассанжды Швецияға экстрадициялау мүмкіндігін қарастыруға шақырған. 2012 жылы дәл осы елге экстрадициялану қаупі туындаған кезде Ассанж Лондондағы Эквадор елшілігін паналаған еді. Бірақ кейінірек Швецияда оның үстінен қозғалған іс жабылған. Сондықтан қазір тек АҚШ қана Ұлыбританиядан Ассанжды беруді өтініп отыр.

АҚШ әділет министрлігінің 11 сәуірде жариялаған хабарламасына сәйкес, оған "2010 жылы компьютер жүйелерін бұзып кірді" деген айып тағылған. Айып бойынша, Ассанж WikiLeaks информаторы - әскери Челси Мэнненгке Пентагонның құпия ақпаратына қол жеткізуге көмектескен. Бұл айып дәлелденсе, Ассанж бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ассанж АҚШ-та өзіне "мемлекетке сатқындық жасады" деген қосымша айып тағылуы мүмкін екенін де айтады.

11 сәуірде WikiLeaks негізін қалаушы Джулиан Ассанжды британ полициясы Лондондағы Эквадор елшілігінде ұстады. Осыдан 7-8 жыл бұрын Швецияда оған айып тағылып, АҚШ-қа экстрадициялану қаупі туындаған кезде Ассанж өзіне Эквадордың уақытша баспана бергенін пайдаланып, елшілікті паналаған. Содан бері ол елшілік ғимаратында тұрып келген еді.

Лондон соты 11 сәуірде Джулиан Ассанжды 2012 жылы сотқа келмегені үшін кінәлі деп тапты.

WikiLeaks жобасы 2006 жылы пайда болған. Бұған дейін порталда Ирак, Ауғанстан және Сириядағы соғыстар жайлы АҚШ-тың құпия құжаттары жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG