Accessibility links

Қазақстанда мүгедек балаларға сабақ берген 15 мыңнан аса мұғалім тиісті ақысын алмаған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда екі жыл ішінде мүгедек балаларға қосымша сабақ беретін 15 мыңнан аса мұғалім жалақысына қосылып төленуі тиіс ақшаны алмаған. Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұғалімдерге төленбеген үстемеақының жалпы сомасы - 176,2 миллион теңге.

"Прокуратура жалпы білім беретін мекемелер қызметкерлерінің еңбек құқықтарының сақталуын талдау барысында Қазақстан бойынша 15 мың 305 педагогке 2016-2018 жылдардағы оқу кезеңінде ерекше білім беру қажеттігі бар балалармен жұмыс істегені үшін үстемеақы төленбей келгенін анықтады" деп жазады.

Ведомствоның жазуынша, инклюзивті білім беру аясында жұмыс істегені үшін педагогке жалақысының 40 пайыз шамасында үстемеақы төленуі тиіс.

"Заң бұзушылықтар жойылып, мұғалімдерге 176, 2 млн теңге мөлшерінде үстемеақы аударылды" деп жазады прокуратура.

Қазақстанда Білім туралы заңға 2010 жылы енгізілген толықтырулар мен өзгертулер бойынша, кез келген мектеп ерекше мұқтаждығы бар баланы қабылдауға міндетті. Бірақ іске келгенде құрал-жабдық пен арнайы маманның жоқтығынан бұл жүзеге аса бермейді. Ресми дерек бойынша, елдегі кәмелет жасына толмаған балалардың үш пайызы, яғни 148 мыңы инклюзияға зәру. Олардың 40 мыңға жуығына ғана арнайы білім беретін жағдай жасалған.​

Қарай отырыңыз: Инклюзивті білім беру әкімдікке қарап тұр. 27 тамыз 2018 жыл.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG